ДСМ тексерісінен кейін 250-ге жуық емдеу кабинеті жабылды

Фото: ДСМ

АСТАНА. KAZINFORM — Аталған кабинеттерде медициналық қызметті лицензиясыз жүргізу, санитариялық ережелерді және дәрілік заттарды дұрыс сақтамау тәрізді бұзушылықтар анықталған, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Денсаулық сақтау министрлігі заңсыз медициналық қызмет фактілерін және медициналық көмек көрсету кезінде стандарттардың бұзылуын анықтау үшін республика бойынша жеке емшара кабинеттерін тексеруді жалғастырып жатыр. Аралау барысында мониторингтік топтар түрлік бұзушылыққа жол берген немесе лицензияларға қажетті қосымшаларсыз 406 нысанды анықтады. 

— Түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін 247 емшара кабинеті өз еркімен қызметін тоқтатты. Санитариялық талаптарға сай, емшара кабинеттері эпидемиологиялық тұрғыдан өте маңызды нысандардың қатарына жатады. Сондықтан олар денсаулық сақтау ұйымдарына қойылатын барлық талаптарды толық орындауы тиіс. Сонымен бірге, заңнама орта медицина қызметкерлерінің (мейірбикелердің) қандай қызмет көрсете алатынын нақты белгілейді. Бұл ережелер оларға инвазивті (денеге ену арқылы жасалатын) процедураларды орындауға рұқсат бермейді. Яғни мұндай қызметтерді тиісті лицензиясыз көрсетуге болмайды. Қалған нысандарға тексерулер жалғаса береді, — делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда 84 емшара кабинетіне қатысты жоспардан тыс тексерулер аяқталды. Тексеру барысында мынадай бұзушылықтар анықталды:

● медициналық қызметті лицензиясыз жүргізу;

● санитариялық ережелерді сақтамау;

● дәрілік заттарды дұрыс сақтамау;

● білікті медициналық персоналдың болмауы;

● шұғыл көмек көрсету үшін жиынтықтың болмауы.

Жұмыс қорытындысы бойынша 15 млн теңгеден астам сомаға 122 әкімшілік хаттама жасалды. Денсаулық сақтау министрлігі пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулық сақтау нысандарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау мақсатында мониторинг пен бақылауды жалғастырады.

Бұдан бұрын Маңғыстауда жекеменшік емшара кабинеттерінде екі адам көз жұмғаны анықталды.