15:14, 15 Қараша 2013
ДСҰ-ға кіргеннен кейін Қазақстанда шетелдік банктердің тікелей филиалдары жұмыс істей бастайды
АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстан ДСҰ-ға өткеннен кейінгі бес жылдан соң шетел банктері мен сақтандыру компанияларының тікелей филиалдары елімізде ашыла бастайды. Бұл туралы бүгін Сенатта «Отандық өндірушілердің мүдделерін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету және қорғау, сондай-ақ еуразиялық интеграция жағдайларында және Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруде оларды мемлекеттік қолдау» атты тақырыптағы парламенттік тыңдауда ҚР Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова мәлім етті.
Министрдің сөзіне қарағанда, ДСҰ-ның 15 мемлекетімен шетелдік компанияларға қатысты Қазақстанның қызмет көрсету нарығында мемлекет тарапынан қолданылатын шаралар туралы екіжақты келіссөздер аяқталған. Аталмыш келіссөздер Қазақстан экономикасы үшін аса маңызды әрі негізгі 12 салада жүзеге асқан. «Жалпы, Қазақстан ДСҰ-ға өткеннен соң бес жылдан кейін шетел банктері мен сақтандыру компанияларының тікелей филиалдарын біздің елімізде ашуға мүмкіндік туады. Өз кезегінде Қазақстан қаржы нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатымен шетел қаржы компаниялары үшін арнайы міндетті талаптар мемлекет тарапынан қолданылатын болады. Мысалы, шетел банктері мен сақтандыру компанияларының ең төмен активтері мөлшерін және тұрғындардан тартылатын депозиттердің төмен мөлшерін Үкімет өзі бекіте алатын болады», - деді министр Ж. Айтжанова.