ДСҰ-ға кірместен-ақ біздің экономикамыз жаһандық экономикаға ықпалдасып үлгерді - Ж.Айтжанова

АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік сауда ұйымына формалды түрде кірместен-ақ біздің экономикамыз жаһандық экономикамен баяғыда ықпалдасып үлгерді.

Бүгін 5-ші Астана экономикалық форумы аясында өткен экономикалық ықпалдасу мәселелеріне арналған сессия барысында ҚР Экономикалық интеграция істері жөніндегі миинстрі Жанар Айтжанова осылай мәлім етті.

«Біз бүкіл әлеммен сауда-саттық жасаймыз. ЕуроОдаққа мүше 27 ел Қазақстанның басты сауда әріптесі болып табылады. Бұл дегеніңіз біздің ЕО елдері және біздің елдер қабылдаған ереже бойынша жұмыс істеуіміз қажет дегенді білдіреді. Біз сауда-саттық жүргізу стандарттарын үндестіруіміз қажет», - деді ол.

Сонымен қатар ол қазірдің өзінде Қазақ елі 130 млрд. доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартқандығын баса айта келе: «Негізгі инвестор елдер алыс шет елдер - ЕО мен АҚШ  және Кеден одағы елдері  біздің әріптесіміз болып табылады», - деді ол.