ДСҰ-ға өткеннен кейін елімізде байланыс қызметі төмендеп, шетелдік банктер филиалдары көптеп ашыла бастайды

АСТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат - ДСҰ-ға өткеннен кейін елімізде байланыс қызметі төмендеп, шетелдік банктер филиалдары көптеп ашыла бастайды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова мәлім етті.

«Қазақстанның ДСҰ-ға өткеннен кейінгі 2,5 жылдан соң, яғни өтпелі кезеңнен кейін қалааралық және халықаралық байланыс қызметін көрсететін телекоммуникациялық компаниялардағы шетел капиталы үлесінің 49 пайыз мөлшеріндегі шектеуі қолданылмайтын болады. Осылайша, бұл салаларда шетелдік телекоммуникациялық компаниялар тарапынан салынатын инвестицияларға жол ашылады. Сонымен бірге, «Қазақтелеком» компаниясындағы шетел капиталының мөлшері 49 пайыздан аспауы туралы шектеу ДСҰ кіргеннен кейін де ары қарай мемлекет тарапынан қолданыла беретін болады», - дейді министр Ж. Айтжанова.

Министрдің айтуынша, Қазақстан ДСҰ өткеннен кейінгі бес жылдан кейін шетел банктері мен сақтандыру компаниялары біздің елімізде өздерінің тікелей филиалдарын ашуға мүмкіндік алады. «Өз кезегінде Қазақстан қаржы нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында шетел қаржы компанияларына арнайы міндетті талаптарды қоя алады. Мәселен, шетел банктері мен сақтандыру компанияларына ең төмен активтерінің мөлшерін және тұрғындардан тартылатын депозиттердің ең төмен мөлшерін мемлекет өзі бекітеді», - дейді министр.

Оның айтуынша, жоғарыдағы шаралар телекоммуникациялық және қаржы салаларындағы либеризациялау жоспарының нәтижесінде қызметтердің сапасының артуына, салаларға шетелдерден келетін инвестицияларға жол ашуға және тұтынушылар үшін қолданылып отырған бағалардың төмендеуіне мүмкіндік береді.