ДЦП диагнозы мақсатқа жетуде кедергі емес – Ақжан Кәрім
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Қоғамда белсенді азаматтық ұстанымы бар, өзгелерге бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетуді өмірлік миссиясына айналдырған жандар сирек. Сондай тұлғалардың бірі — Ақжан Кәрім.
Петропавл тұрғыны туғаннан ДЦП диагнозымен өмір сүріп келеді. Бірақ бұл оның алға ұмтылуына, білім алып, қоғамдық жобаларды қолға алуына, өз орталығын ашып, өзгелерге демеу болуына кедергі бола алмады. Ақжан Кәрім тілшімен сұхбатында жүріп өткен жолы, арманы мен мақсаттары жайында айтып берді.
— Ақжан, өзіңіз, осы күнге дейінгі өмір жолыңыз туралы айтып берсеңіз.
— Мен Мамлют ауданы Леденево елді мекенінде дүниеге келдім. ДЦП диагнозымен тудым. Егіздің сыңарымын, ағам менен 15 минутқа үлкен. Балалық шағыма өкпем жоқ, менің қазіргі жетістігімнің 90% осы бала кезімде қаланды. Ата-анамның арқасында мен басқалардан ерекшелігімді сезінбей өстім. Ешқашан шектеген емес, керісінше, сенің қолыңнан келеді деп қолпаштап отырды. Әкемнің сөзі әлі жадымда, ол «егер бір нәрсе физикалық тұрғыдан сенің қолыңнан келмесе, сенің артықшылығың — миыңда» дейтін. Бұл сөз менің өмірлік ұстанымыма айналды.
Бала күнімнен кітапқа жақын болдым. Әсіресе поэзияға құмар едім. Өзім де өлең жаза бастадым, байқауларға қатыстым. Ата-анамның махаббаты мені еркін ойлайтын адам етіп қалыптастырды. Отбасымызда жақсы психологиялық жағдай болды, бәріміз тең құқылы, әке-шешем балаларына тең қарап, ешкімді бөлім-жармайтын. Егер бірдеңені қате істесек екеумізге де ұрсатын, яғни физикалық тұрғыда ғана барьер болды. Әкем инженер, ол маған үш дөңгелекті велосипед істеп берді. Сол арқылы мен еш қиындықсыз ауылды аралайтынмын, балық аулауға барып, көлге шомылдық. Туғандарымның арқасында мен өзімді ерекше бала ретінде сезінгенім жоқ.
— Сізді қоғамдық іспен айналысуға итермелеген шешуші сәт немесе оқиға не болды?
— Ауылда мектепте оқыдым, сол үшін анама рахмет, ол үйде оқытыңдар дегенге қарамастан мені күнде мектепке апарып отырды. Осылайша 4-сыныпқа дейін оқыдым. Кейін ата-анам Петропавлдағы Шәміл Шақшақбаев атындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернатқа берді. Ол жерде біз тұрғанымызбен, қаладағы № 13 жалпы білім беретін мектепте оқыдық. Сол жерде мен керемет адам, өмірге құштар, ерекші рухты Шәміл Шақшақбаев ағамызбен таныстым. Ол кісі бізге бағыт-бағдар берді, ақыл-кеңесін айтып отыратын. Сол кезде түсіне бермедік, уақыт өте келе оның қаншалықты көреген болғанын біліп жатырмын. Ол бізге адамдықтың, табандылықтың нағыз үлгісі бола білді. Оның сөздері мен өнегесі менің жадымда жатталып қалды.
Университетке «Құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша түсіп, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын зерттей бастадым. 2009 жылы осы саладағы өз ұсыныстарымды жинақтап, Президентке хат та жолдадым. Өйткені біздегі заңдар мен нормалардың кейбірі БҰҰ-ның мүгедектігі бар адамдардың құқығы туралы конвенциясына сәйкес келе бермейді.
Ал университетті бітіргеннен кейін өзім сияқты жастармен танысып, олардан түрлі жобаларды жүзеге асыратын қоғамдық ұйымдар туралы білдім. Маған керегі де осы еді. Осылайша қоғамдық жұмысқа кірісіп кеттім, кейін өзіміздің «Ардос-Жүрек» қоғамдық бірлестігін құрдық.
— Өмірлік кедергілерге қарамастан алға жылжуға сізді не немесе кім шабыттандырады?
— Бірінші орынға ата-анамды қояр едім. Қазір жұмысыма байланысты мүмкіндігі шектеулі баласы бар көптеген ата-ананы білемін, олардың кейбірі қол қусырып, не істерлерін білмей, қабылдай алмай жатады. Ал менің ата-анам мен үшін нағыз батыр, олар «біздің баламыз ешкімнен кем болмайды» деді. Әке-шешемнің махаббаты, қолдауы маған үлкен мотивация береді.
Ал рухани ұстазым, шабыт беруші — Шәміл Шақшақбаев. Ол өзін-өзі жеңе білген адам. Бізде таңдау бар, тағдырға көңілің толмай, шағымдану немесе өміріңді өзгертуге тырысу. Ол кісі бізге үлгі бола білді.
— «Тең қоғам» жобасы туралы толық айтып беріңізші — жобаның мақсаты не және ол кімдерге арналған?
— 2021 жылы «Тең қоғам» атты әлеуметтік қолдау орталығын аштық. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар түрлі мамандықтарға оқып, жаңа кәсіп меңгере алады. SMM, мобилография, бухгалтерлік іс, массаж, визаж, маникюр сияқты трендтегі бағыттардан бастап, басқа да сұранысқа ие кәсіптерге жол ашық. Егер оқығысы келген сала тізімде болмаса, оны қосымша ұйымдастыруға тырысамыз. Ең бастысы — адамның үйренуге деген ниеті.
Ал ұстаздарға қойылатын талап — мүгедектігі бар адамды үйретуге деген ынта мен тәжірибенің жеткілікті болуы. Өйткені іс жүзінде көбірек көрсетіп, үйрету қажет.
Үш жыл ішінде 100-ден астам адам жаңа мамандық игерді, 70-ке жуығы тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл — біздің жұмысымыздың нақты нәтижесі.
— Жобаларды жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау бар ма?
— Біздің кей жобаларымыз мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асады. Мемлекеттік мекемелермен, түрлі қорлармен әріптестік орнаттық. Жобаларды жүзеге асыруда гранттар да көмектеседі. Бизнеске келер болсақ, Петропавлда әлеуметтік жобаларға қолдау көрсететіндер аз. Олар мұны қайырымдылық деп түсінеді. Сондықтан әлеуметтік жобаның ерекшелігін түсіндіріп, оның ұзақ уақытқа арналғанын және соңында нәтижесі болатынын түсіндіріп жатамыз.
— Петропавлда, жалпы өңірде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін негізгі мәселелерді атап өтіңізші.
— Өңіріміздегі басты мәселе — инфрақұрылымның қолжетімсіздігі. Пандус орнатумен мәселе шешілмейді. Бізде, тіпті әкімдікте кезекте тұрған мүгедектігі бар адамдарға берілген пәтерлердің өзі арнайы жарақтандырылмаған.
Инклюзивті білім беру де дамуы тиіс — балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейін. Бұл үшін білікті мамандар, жабдықталған мекемелер қажет. Ата-аналар ғана емес, педагогтар, қоғам да оған мүдделі болуға тиіс. Қазір көп нәрсе тек қағаз жүзінде ғана атқарылады. Формализмнен кетіп, сапаға мән берсек, яғни инклюзивті бес мектеп салсақ та, олар бар талапқа сай, қолжетімді болса.
Бізге құқықтық көмек сұрап хабарласатындар да бар. Құқықтық сауаттылық төмен. Баспанамен қамтылу нашар, мүмкіндігі шектеулі жандардың көпшілігі пәтер жалдап тұрып жатыр, олар бірнеше жылдап кезекте тұрады. Жақында осы пәтермен қамтылу мәселесін шешу мақсатында жаңа жобаны қолға аламыз.
— Сіздің ойыңызша, заңнамада бірінші кезекте қандай өзгерістер қажет?
— Алысқа бармай баспана мәселесін алсақ, үй салумен айналысатын компанияларды заңдық тұрғыда бірнеше пәтерді мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы, қолжетімді етіп салуды міндеттесе. Ол дегеніміз — пандус, кең дәліз, кең есіктер, пәтерлер де, соның ішінде жуынатын бөлме мен дәретхана арбамен жүруге ыңғайлы кең болса. Құлағының мүкісі бар адамдарға сигналдық белгілер, зағип жандарға қозғалыс датчиктері орнатылса. Ал үйді қабылдайтын комиссия құрамында міндетті түрде мүгедектігі бар адам болуы тиіс.
— Сіздің күніңіз қалай өтеді?
Күнім жаттығумен басталады. Жұмысқа келген соң, командамен кездесемін, кеңес алуға келген адамдардың мәселесін шешуге тырысамыз. Бір адамның мәселесі шешілсе, бұл бізге қанат бітіреді.
— Қазір қандай арман-мақсаттарыңыз бар?
— Қазіргі арманым — өз отбасымды құрып, жақсы жар, жақсы әке болу. Жеке өмірімде де белгілі бір белестерді бағындырғым келеді. Сонымен қатар, авторлық әдістемелік құрал жазу — көптен бергі арманым. Өмірден өткеннен кейін өзімнен кейін пайдалы дүние қалдырғым келеді. Бұл — мен үшін үлкен жауапкершілік әрі өмірлік мақсаттардың бірі.
Қазіргі таңда бізде «Точка опоры» атты жоба бар. Бұл — мүмкіндігі шектеулі жандардың баспана мәселесін шешуге бағытталған әлеуметтік бастама. Жоба аясында заңдық және психологиялық кеңестер беріледі. Себебі баспана мәселесінің шешімі көбінесе адамның табыс деңгейіне байланысты екені белгілі. Сол себепті біз мүгедектігі бар азаматтарды әртүрлі мамандықтарға оқытып, оларды еңбек нарығына бейімдеуге күш салып жатырмыз.
Сондай-ақ, осы жобаға ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарын да тартқымыз келеді. Олар да заманға сай, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп, қаржылық және құқықтық сауаттылықтарын арттыра алады. Қажет жағдайда психологтардың көмегіне жүгіне алады. Бұл — тек қолдау емес, оларға жаңа мүмкіндіктер ашу жолы деп білемін.
— Өмірден өз орнын іздеп жүрген мүмкіндігі шектеулі жастарға не айтқыңыз келеді?
— Жастарға айтарым — қорықпаңыздар. Жаңа нәрсе үйренуден, әрекет етуден тартынбаңыздар. Алғашқыда бәрі қиын болуы мүмкін, бірақ маңыздысы — тырысу. Жеңіл жол болмайды. Өзім де бірден орталық ашып кеткен жоқпын, талай кедергіден өттім.
Екіншіден сенім жоғалмауы керек. Бастапқыда сізге сенбейтіндер болады, бірақ өзіңізге сенсеңіз, сізді қолдайтындар да табылады. Бүгін — мүмкіндік заманы. Интернет, курстар, оқулықтар — бәрі қолжетімді. Ізденіңіз, сұраңыз, жасаңыз. Адамның қолынан келмейтіні жоқ, бірақ, біз, өкінішке қарай, сол мүмкіндікті пайдалана алмаймыз. Шекараны біз өзімізге қоямыз. Сол шекараны бұзып, алға ұмтылыңыз!
Бұған дейін мүмкіндігі шектеулі студенттерге арналған жоғары білім беру орталығы құрылатынын жазған едік.