Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Кәсіпқор» холдингі» ҰАҚ басқарма төрайымы Эльдана Сәдуақасова мәлім етті. Еске салайық, брифинг барысында техникалық және кәсіби дуалдық оқыту мәселелері талқыланған болатын.
«Дуалдық білім беруде ең кем дегенде екі тараптың жауапкершілігі болады, оның бірі - жұмыс беруші, екіншісі - оқу мекемесі. Сондықтан да, біз студенттерді оқытудың екі деңгейлі жүйесін әзірлейтін боламыз. Ондай жүйе жұмыс берушілермен бірлесе жасалады әрі елімізде өндірістік кәсіпорындардың қалай дамып жатқаны, оларда мамандық тапшылығына қатысты сұраныстар әбден ескеріледі», - дейді «Кәсіпқор» холдингі» ҰАҚ басқарма төрайымы Эльдана Сәдуақасова.
Оның айтуынша, әлемдік деңгейлі колледждердегі оқу практикалары, колледж шеберханалары тұтастай оқу үдерісіне бекітіледі. Яғни, студент теориялық білім алып қана қоймай, оны шеберханалар мен зертханалардағы практикада ұштайды. Сосын онда жинақталған тәжірибенің барлығын жұмыс берушінің өндірісінде тереңдетіп, өз біліктілігін растайтын болады.
«Әрине, қауіпті өндірістерге, техникалық қауіпсіздікке байланысты бұл күрделі үдеріс екені белгілі. Мұнда студенттерге өндіріске жіберу рұқсаты да талап етіледі. Ал ондай рұқсаттарды біз тікелей оқу үдерісіне енгізіп отырмыз. Бұл ретте әрбір студент өзі білім алатын үш жыл бойында өндіріске рұқсат алу үшін білімін сатылап шыңдайтын болады. Жұмыс берушілер де студенттерді тек олар толық жұмыс нормасын орындай алатын жағдайда ғана қабылдайды. Шындығында, жұмыс істей алмаса, жұмыс нормасын біліп, оны орындай алмаса студентті өндірістік тәжірибеге жіберудің қажеті де шамалы. Өйткені, жұмыс берушінің қызмет үдерісі де нарықпен тығыз байланысты, ешкім де шалағай студенттің кесірінен өндірістегі зиянды шеккісі келмейді», - деді Э. Сәдуақасова.
Түйіндей айтқанда, холдинг басшысының айтуынша, колледж студенттері жұмыс берушілерге толық дайын болып барады және олар өндірісте өздерінің дағдысын тек тереңдете шыңдай түседі.