Дубай әуежайларындағы Duty Free дүкендері криптовалюта төлемдерін қосты

АСТАНА. KAZINFORM – Дубай халықаралық әуежайларындағы бажсыз сауда дүкендері (Duty Free) Таяу Шығыста алғашқы болып криптовалюта төлемдерін енгізді.

Фото: Gulf Business

Crypto.com Pay қызметі арқылы сатып алуды криптовалютамен төлеу мүмкіндігі Дубай халықаралық әуежайында (DXB) және Әл-Мактум әуежайында (AMIA) пайда болды.

Дубай үкіметі Dubai Media Office кеңсесінің  хабарлауынша, жаңа опция дүкенде де, тапсырысты интернет арқылы ресімдеу кезінде де қолжетімді. Сатып алушы төлем жасау кезінде транзакцияны қосымша арқылы растауы керек, содан кейін қаражат БАӘ дирхамына айналдырылып, сатушыға аударылады.

Тұтынушылар Crypto.com Pay арқылы қауіпсіз және үздіксіз төлем процесінен пайда көреді, ал саудагерлер БАӘ дирхамымен (AED) лезде төлемдер алады. Бұл ынтымақтастық инновациялық төлем шешімдерін ұсынуға деген ортақ міндеттемемізді көрсетіп, Дубайдың цифрлық коммерцияның болашағын басқаруға деген ұмтылысын қолдайды, - деп мәлімдеді Crypto.com президенті және бас операциялық директоры Эрик Анзиани.

Криптовалюта төлемдерінің енгізілуі ірі бөлшек саудагерлердің цифрлық төлем әдістеріне қызығушылығының артуын және тұтынушыларға қолжетімді төлем құралдарының кеңеюін танытып отыр.

Осыған дейін ҚР Ұлттық банкі 18 шілдеде қолданысқа енетін цифрлық теңге мен криптовалютаның айырмашылығын мәлімдеді.