Дубайда Ай пішінінде зәулім ғимарат салынады

ДУБАЙ. ҚазАқпарат – Ерекше архитектуралық шешімдерімен танымал Дубай қаласында Ай салынбақшы. Жер серігінің репликасында керемет қонақүй, спорт сарайы және тағы басқасы орналасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат AP News-ке сілтеме жасап.

Фото: AP

Канадалық кәсіпкер және Moon World Resorts Inc. сәулет компаниясының тең негізін қалаушы Майкл Хендерсон 274 метрлік айдың көшірмесін салуды ұсынып отыр. Ол 30 метрлік ғимараттың жоғары жағына орналастырылады. Жоба құны 5 миллиард АҚШ долларынан асады.

Хендерсон ұсынған жоба «Ай» деп аталады.

Сфералық құрылымның ішінде 4 000 нөмірлі қонақүй мен курорт, 10 000 адамды қабылдай алатын спорт сарайы, сондай-ақ қонақтар айда серуендей алатын «ай колониясы» болады.

30 метрлік тұғырда орналасқан «Ай» түнде жарқырап тұрады.

«Ай» әлемдегі ең биік 828 метрлік ғимарат – Дубайда орналасқан Бурдж-Халифа зәулім ғимаратына керемет үйлесім болмақ.