Дубайда ҚР Парламенті Мәжілісіне сайлауға дауыс беру өтуде (ФОТО)

ӘБУ-ДАБИ-ДУБАЙ. ҚазАқпарат - Партиялық тізім бойынша ҚР Парламенті Мәжілісіне депутаттарды кезектен тыс сайлау өткізуіне байланысты 20 наурызда, сағат 7.00-де Дубайдағы және Солтүстік Әмірліктегі Қазақстанның Бас консулдығы ғимаратында № 224 сайлау учаскесі ашылды.

Учаскеде БАӘ-де тұрақты тұратын және түрлі себептермен араб елінде жүрген ҚР азаматтары конституциялық құқықтарын жүзеге асырады.

Учаске таңертең жергілікті уақыт бойынша сағат 7.00-де ашылды (Жексенбі БАӘ-де жұмыс күні саналады), салтанатты жағдайда Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды.

Дубай қаласындағы және Солтүстік Әмірліктегі ҚР Бас консулдығының қызметкерлері сайлаушылар көп болады деп күтуде.

Қазіргі уақытта Бас консулдық есебінде 600-ге жуық ҚР азаматы тіркелген. Әмірлікте тұрақты тұратын отандастарымыз көп. Дубайда білім алып жатқан қазақстандық студенттер де жетерлік. Бұдан басқа, Әмірлік - туристердің таңдап баратын орны. Дубай көші-қон агенттігінің деректеріне сүйенсек, жыл сайын бұл елге 300 мыңнан астам қазақстандық барады екен.