Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер «Дубайдағы Қазақстан азаматтарының үйлерін құзырлы органдар тексеруі керек пе?» деген сұрақ қойды.
«Менің білуімше, осы сұрақты сіздер кеше Бас прокуратурадағы заңсыз активтерді қайтару үшін құрылған комитеттің төрағасына қойдыңыздар. Комитеттің төрағасы бұл сұраққа жан-жақты жауап берді деп есептеймін. Комитет төрағасының айтуынша, бұл мәселенің бәрі жұмыс бабында қаралады. Егер де сол активтер заңсыз түрде алынған болса, олар тізімге кіргізіледі немесе олардың қалай алынғаны туралы нақты жұмыстар жүргізіледі. Әрі қарай заңның аясында тиісті шешімдер қабылданады», - деді Сенат төрағасы.
Бұл тұрғыда ол барлық қадам заң аясында іске асырылатынын айтты.
«Сонымен қатар 1500-дей қазақстандықтың Дубайда әртүрлі үйлері, басқа да мүліктері бар деген ақпарат бар. Енді олардың барлығын қаралау артықтау болатын шығар. Оның ішінде кәсіпкерлер де бар, яғни кәсібімен айналысып, заңды түрде табысын тауып, сол мүліктерді алған. Сондықтан бұл жерде жұрттың бәрі заң бұзыпты деп айтқанымыз артықтау болар. Сол себепті бұл мәселелерді Бас прокуратура қарамағындағы тиісті комитет заң аясында қарайтыны туралы кеше өздеріңізге ақпарат берілді. Әрі қарай осы мәселеге қатысты кейбір түсініктемелерді Бас прокуратураға жолдағандарыңыз дұрыс болады», - деді Мәулен Әшімбаев.