Әмірлік тарапының мәліметінше, аталған азамат 2025 жылы Біріккен Араб әмірлігінің құзырлы органдары қозғаған қылмыстық іс бойынша айыпталушылардың бірі болып отыр.
Биыл 18 наурызда Дубай қаласының бірінші сатыдағы соты Қазақстан азаматын қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру және айыппұл жазасын тағайындады.
– Аталған қылмыстық іс адам ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғу секілді ауыр қылмыстар санатына жатады. Қазіргі уақытта аталған іс бойынша апелляциялық шағым берілген. Осыған байланысты үкім заңды күшіне енген жоқ, – деді Е. Жетібаев елордада өткен брифингте.
Ресми өкілдің айтуынша, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен елшілік бұл жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр.
Еске сала кетсек, БАӘ-де өмір бойына сотталған қазақстандықты елге қайтару мүмкіндігі қарастырылып жатыр.