Дубайда шейх Ахмед бен Рашидтің қазасына байланысты он күн аза тұтылады

АСТАНА. KAZINFORM — БАӘ мемлекеттік құрылымдар мен спорт саласының дамуына үлес қосқан Әл Мактум әулетінің өкілі шейх Ахмед бен Рашидпен қоштасты. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі хабарлайды.

Фото: x.com / @DXBMediaOffice

Дубайда дүйсенбі күні 76 жасында қайтыс болған шейх Ахмед бен Рашид Әл Мактумның қазасына байланысты 21-30 қыркүйек аралығында он күндік ресми аза тұту жарияланды.

Тиісті шешімді Дубай әмірінің кеңсесі қабылдады. Бұл туралы WAM әмірлік ақпарат агенттігі хабарлады.

Осы кезеңде әмірліктегі мемлекеттік ту төмен түсіріледі. Аза тұту жариялануы демалыс күндерін білдірмейді. Сондықтан билік өзгеше шешім қабылдамаса, жекеменшік компаниялар мен білім беру ұйымдары өз жұмысын жалғастыра береді.

Мұндай кезде мемлекеттік телеарналар мен радиостанциялар хабар тарату кестесін өзгертеді. Ал ойын-сауыққа арналған іс-шаралар тоқтатылып, кейінге қалдырылуы мүмкін.

Сейсенбіде Дубай әмірі, БАӘ вице-президенті әрі премьер-министрі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум Забил Үлкен мешітінде ағасына арнап жаназа намазына қатысты.

Жаназаға Дубайдың тақ мұрагері шейх Хамдан бен Мұхаммед, билеуші әулеттердің өзге де өкілдері, министрлер мен жоғары лауазымды тұлғалар қатысты.

Ахмед бен Рашид Дубай әмірінің інісі әрі 1958-1990 жылдары әмірлікті басқарған, сондай-ақ БАӘ-нің негізін қалаушылардың бірі болған шейх Рашид бен Саид әл-Мактумның төрт ұлының кенжесі еді. Ол Сандхерст корольдік әскери академиясын бітіріп, Дубай полициясы мен қоғамдық қауіпсіздік басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Шейх Ахмед көп жыл «Аль-Васл» футбол клубын басқарды. Сондай-ақ ат спорты мен су спортының дамуына үлес қосты. Оның есімі Джебель-Али ипподромының қалыптасуымен және Дубай халықаралық теңіз спорт клубының құрылуымен байланысты.

БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид әл-Нахаян бастаған ел басшылығы мен әмірліктер билеушілері марқұмның туған-туыстарына көңіл айтты.

— Сен көзден кетсең де, көңілден кетпейсің. Дұғамызда да, жүрегімізде де мәңгі қаласың, — деп ағасымен қоштасты шейх Мұхаммед бен Рашид.

Бұған дейін Мемлекет басшысының шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактумға көңіл айтқаны хабарланған болатын.

Ақзат Жиеналина