Дубайда тұратын Василий Жиров Қазақстанға неге келгіштеп жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы, кәсіпқой рингте IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын иеленген Василий Жиров Қазақстанға жиі келуінің себебін айтты.
Спортшы Sports.kz сайтына берген сұхбатында елге көбіне өз бастамасымен келіп жүргенін жасырмады. Кейде алдын ала келісіммен де сапарлайды.
«Жұмыс ұсынған жоқ, әзірге тек әңгіме деңгейінде», – деді Жиров.
Соңғы жарты жыл бойы іссапарда жүрген Олимпиада жүлдегері қазақстандық боксшылардың барлық жекпе-жектерін көре алмағанымен, жалпыкомандалық табысты «біздің жігіттердің үлкен құлшынысымен» байланыстырды.
Ерлер құрамасының Өзбекстаннан ұтылуына тоқталған ол «функционалдық дайындығы мен технико-тактикалық жұмысты күшейту қажет» екенін алға тартты.
«Боксшылар кез келген стильге дайын болуы тиіс және қарсылас қандай тәсіл ұсынса да, өз тактикасы мен техникасын өткізе білуі қажет», – деді Василий Жиров.
Қазір ол Дубайда жұмыс істеп жүр. Спортшы алдағы уақытта Қазақстан боксының дамуына үлес қосуға әзір екенін жеткізді.
Айта кетейік, Василий Жиров – 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының чемпионы, Вэла Баркера кубогының иегері; әуесқойда әлем және Азия чемпионаттарының, Азия ойындарының жүлдегері; кәсіпқойда IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын иеленіп, белбеуді шамамен төрт жыл қорғаған.
Еске салайық, 2017 жылы Қазақстан боксының жарық жұлдызы Василий Жиров ислам дінін қабылдады деген ақпарат тараған болатын.