Дубайда тұруға рұқсат алу шарттары жеңілдетілді

АСТАНА. KAZINFORM – Дубай жылжымайтын мүлікке инвестицияның ең төменгі сомасын алып тастады, бұл арқылы тұруға рұқсат (ВНЖ) алуға болады, деп хабарлайды ТАСС.

Фото: Gulf news

Дубай қаласында БАӘ-де тұруға рұқсат алу үшін жылжымайтын мүлікке салынатын инвестицияның ең төменгі мөлшері туралы талап алынып тасталды. Бұл туралы DLD Cube цифрлық платформасында хабарланды.

Жаңартылған ережелерге сәйкес, енді жылжымайтын мүліктің жалғыз иесі нысанның ең төменгі құнын көрсетпей-ақ қалада тұру үшін өтініш бере алады. Ал ортақ меншік иелері үшін белгіленген шек сақталады — кемінде 400 мың дирхам (шамамен 109 мың доллар).

Бұған дейін жеке инвесторлар үшін жылжымайтын мүліктің ең төменгі құны 750 мың дирхам (шамамен 204 мың доллар) болуы тиіс еді.

DLD Cube платформасы инвесторларға Дубайдың жылжымайтын мүлік нарығындағы операцияларға байланысты рәсімдерді жеңілдетіп, жеделдетуге көмектесетін клиенттік орталық қызметін атқарады.

Еске салайық, Түркияда шетелдіктердің тұрақты тұруына берілетін рұқсат құны қымбаттады.