Дубайда волейболдан ерлер арасында клубтық Азия чемпионаты өтеді

АЛМАТЫ. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Дубайда маусымның 17-24 күндері волейболдан ерлер арасында клубтық Азия чемпионаты өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Волейбол федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі бұл дүбірлі додаға биыл 14 команда қатыспақ. Онда ел намысын XVII Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Алматының «Алматы» клубы қорғамақ. Николай Рагозин жаттықтыратын алматылықтар С тобында Өзбекстан, Катар, Тайланд спортшыларымен сайысқа түседі. Жарыс қожайындары А тобында Куәйт пен Ауғанстан чемпиондарымен күш сынасса, В тобында Иран, Бахрейн, Ливан, ал Д добында Жапония, Сауд Арабиясы, Индонезия және Мальдив елдері біріншіліктерінің үздіктері өнер көрсетпек. Айналым жүйесі бойынша өтетін бұл жарыста қазақстандықтар алғашқы кездесуін тайландықтармен, одан кейін Катар мен Өзбекстан спортшыларымен өткізеді. Онда «Алматы» волейбол клубының намысын - Дмитрий Горбатков (капитан), Марат Иманғалиев, Алексей Степанов, Виталий Мироненко, Әсет Базарқұлов, Сергей Костив, Александр Стольников, Антон Юдин, Антон Рубцов, Юрий Стулов, Виталий Эрдштейн пен Сергей Трикоз қорғайды. Өткен жылы Алматыда болған Азия чемпионатында бірінші орынды Иранның «Пейкан», екінші орынды «Алматы», үшінші орынды Жапонияның «Сантори Санбердс» командасы алған болатын.