Дубайдағы әлем чемпионатында қай елден қанша боксшы финалға жолдама алды

Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM – Дубайда өтіп жатқан әлем чемпионатында финалға қай елден қанша боксшы шыққаны белгілі болды.

Әлемдік додада Ресей құрамасынан 12 боксшы алтынға таласады. Ал Өзбекстан сапынан 6 боксшы финалға жолдама алса, Қазақстаннан - 4, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстаннан 1 боксшы жеңістің ең биік тұғырына көтерілуге мүмкіндік алды. 

Ел құрамасынан Сәкен Бибосынов, Оразбек Асылқұлов, Сабыржан Аққалықов және Абылайхан Жүсіпов әлем чемпионатының финалында жұдырықтасады. 

54 келі. Сәкен Бибосынов - Вячеслав Рогозин (Ресей)

57 келі. Оразбек Асылқұлов - Хусравхон Рахимов (Тәжікстан)

71 келі. Абылайхан Жүсіпов - Сергей Колденков (Ресей)

75 келі. Сабыржан Аққалықов - Исмаил Муцольгов (Ресей).

Финал 13 желтоқсанда Қазақстан уақытымен 18:00-де басталады. 

Аталған додада бақ сынаған отандастарымыз Теміртас Жүсіпов (48 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) қола жүлдені қанағат тұтты. Сондай-ақ қазақстандық Даниял Сәбит (51 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (67 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) және Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) жарысты ерте аяқтады.

Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында өтіп жатқан турнирде былғары қолғап шеберлері 13 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынап жатыр. 

Жарыстың жүлде қоры қомақты. Атап айтар болсақ, чемпион - 300 мың доллар, күміс жүлдегер - 150 мың доллар, қола жүлдегер - 75 мың доллар, ал ширек финалға шыққан боксшы 10 мың доллар алады.

Бұған дейін Абылайхан Жүсіповтің әлем чемпионатында алғаш рет финалға шыққанын жазғанбыз.