Дубайға сұңқарларды заңсыз әкетпек болған кеден қызметкері сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Есіл аудандық №2 сотында сирек кездесетін ақсұңқарларды Дубайда саудаламақ болған кеден бекетінің қызметкеріне қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Фейсбуктегі парақшасында жазды.

«23 сұңқарды заңсыз тасымалдамақ болғаны үшін Астана қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті «Астана Әуежай» кеден бекеті қызметкеріне 4,5 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Аталған факт бойынша ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті сотқа шағым түсіріп, ҚР ҚК 339-бабы негізінде қылмыстық іс қозғалған. 2018 жылдың 10 қыркүйегінде Астана қаласы Есіл аудандық №2 сотының үкімімен Қ. Жақсыбаевтың 4,5 жылға бас бостандығы шектелді», - делінген жазбада.

Комитет өкілі құрып бара жатқан сұңқардың сирек түрі 23 ақсұңқард саудаламақ болған сотталушыға қатысты сот материалдарымен бөлісті. Онда сотталушының заңсыз әрекеті баяндалады.

«Сотталушы Қ.Жақсыбаев 2018 жылы 9 мамырда шамамен сағат 04:35 кезінде Астана қаласындағы Халықаралық әуежайда өзінің қызметін пайдалана отырып, құрып бара жатқан 3 ақсұңқарды (құны 33 189 000 теңге) Дубай қаласына заңсыз жеткізіп, саудаламақ болған. Алайда ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлеріне ұсталып қалған. Осылайша, сотталушы экономикалық контрабандаға жол берген. Осы қылмысы үшін сотталушыға ҚР ҚК-нің 339-бабы және 234-бабы негізінде 4,5 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы кесіліп отыр», - делінген сот материалдарында.

Комитеттен хабарланғандай, контрабанда кезінде 3 ақсұңқар өліп қалған. Ол сұңқарлардың шығынын сотталушы толық өтепті. Аман қалған 20 ақсұңқар Алматы қаласындағы «Сұңқар» ЖШС тәлімбағына жіберілген. Алайда сирек кездесетін құстардың ахуалы нашарлап, ақырында ақсұңқарлардың бәрі де қырылып қалған. Ендігі кезекте, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті қырылып қалған барлық 20 ақсұңқардың шығынын төлету үшін сотқа қайтадан шағым түсіргелі отыр.