Дублинде Қазақстан және Ирландия ынтымақтастығын кеңейту мәселесі талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 22-24 маусымда Қазақстан Елшісі Ержан Қазыхановтың Ирландияға сапары болып өтті, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

Сапардың мақсаты - Қазақстан және Ирландия ынтымақтастығын кеңейту, Қазақстан экономикасына жаңа инвестициялар тарту, бірлескен экономикалық және мәдени-гуманитарлық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер жасау болды.

Сапар барысында Елші Е. Қазыханов Ирландия Президенті М. Хиггинске сенім грамотасын тапсырып, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың сәлемін жеткізді.

Ирландия басшысымен кездесу кезінде Қазақстан Елшісі екі ел арасындағы байланыстарды кеңейтудің және нығайтудың маңыздылығын атай келе, оларды екіжақты құқықтық базаны кеңейту арқылы іске асыруға болатындығына тоқталды. Ол екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың экономикалық және саяси әлеуетінің жоғары екендігін ерекше атап өтті.

Дублинге сапар аясында Елші Е. Қазыханов Ирландия ауыл шаруашылығы министрі С. Ковенимен, Ирландия сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Н. Берджесспен және саяси директоры Б. Робинсонмен, Ирландия Парламенті халықаралық істер және сауда жөніндегі Біріккен комитетінің төрағасы П. Бринмен және Ирландияның іскер топтар өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.