Дубляж тілі таза қазақы мақамға түскенде ғана көрермен қазақша киноға қайта оралады - Әсемғазы Қапанұлы

None
А. Қарашаның  17-сі. ҚазАқпарат /Ризабек Нүсіпбек/ - Баяғыда бір атамыз теледидардан кино көріп отырып, «Ленин қазақшаға судай екен ғой» деп таңдайын қағыпты.  Әзілге құрылса да, бұл тамсаныс  кезінде көптеген фильмдерді өте сапалы деңгейде қазақшалай білген «Қазақфильмнің» дубляжына берілген жоғары баға. Одан беріде әр телеарнаның

өз талпынысымен құрып алған «дүмше дубляждарынан» шыққан, тәржімасы сорақы фильмдер көрерменді жерінтіп жіберген еді. Бірақ әйтеуір соңғы кездері «Қазақстан» ұлттық арнасы мен астаналық «Эра» телеарнасы секілді жекелеген телеарналарда осы дубляж саласының сапасын көтеруге талпыныс бары байқалады.                  

ҚазАқпарат тілшісі соған орай, осы саланың маманы, Қытай телеарнасында ұзақ жыл жұмыс істеген, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта атамекенге оралған, қазір республикалық «Жетінші» телеарнаның дубляж бөлімінің бастығы Әсемғазы Қапанұлымен сұхбаттасқан  еді.

        - Әсемғазы Қапанұлы, жалпы дубляж ұғымын біреу білгенімен, біреу біле бермейді, әңгімені осыдан бастасаңыз.

     - Дубляж өз алдына бір дүние. Дубляжды театрдың қалқасында қалдыруға болмайды. Оның техникалық және шығармашылық бөлімдері бар. Шығармашылық бөлімнің ішіндегі аударма саласының өзі бір төбе. Былайша айтқанда, аудармашылар тобы мен әртістер тобы және техникалық мамандар тобы жұмыс істейтін, көпқырлы арнайы бөлім. Аудармашылар аударып береді, ал редакторлар өңдейді, режиссерлер ауызға түсіріп, емеурінге  келтіру жағын реттейді.  Ары қарай дыбыс актерлары сезімдік бояуын жеткізе отырып дыбыстауы керек. Сөздің мәнін білмесең, қалай болса, солай сөйлей салуға болмайды. Барлығы өз жұмысын жақсы істеуі керек. Техникалық жағы өте маңызды. Қосанжар дауыстар (интершум) деген бар, мәселен, табиғаттың дыбыстары, желдің соққаны, шөптің сыбдыры, сиырдың мөңіреуі, адамның жүрген дыбыстары т.б. бұларды да үйлестіре білу керек. Барлығының өз өлшемі бар, соның барлығын өз орнын тауып, үйлестіргенде ғана жақсы  кино шығады.

- Дыбыс актерлеріне қандай талаптар қойылады?

       - Дубляждың тілі қарапайым сөйлеу тілі. Оның ішінде әскердің сөзі бар, қарақшының сөзі бар, дәрігердің сөзі бар, лауазымды тұлғалардың сөзі бар. Аудармашылар осының барлығын өз мағынасындағы бояуын бере отырып аударуы, ал дыбыс актері оны түсініп айтуы керек. Мынадай бір «Жақсы әртіс жаман сөзге жан кіргізеді, жаман әртіс жақсы сөздің жанын алады» деген сөз бар. Яғни әдемі маржандай сөзіңді дұрыс дыбыстамасаң, сөздің жанын алғанмен бірдей. Әуелі дыбысталатын сөздің мағынасын дұрыстап түсініп алу керек, алдын ала дайындалу керек, қай жерінде күледі, қай жерінде жылайды, қай жерінде тыныс алады, соның бәрін алдын ала біліп тұруы керек. Мәселен мен Шыңғысханның дауысын дыбыстауым керек болса, ол үшін мен алдын ала Шыңғысхан ақырып сөйлей ме, жай биязы сөйлей ме, соны біліп алуға міндеттімін және әртістің түріне қарай дауысымды бейімдеуім керек. Мысалы, ол денесі үлкен адам болса, жіңішке дауыспен шіңкілдеп тұрсаң болмайды. Тойға барсаң, киініп баратының секілді, дыбыс берер алдында дыбысыңды дұрыстап, сахналық түрге келтіріп алу қажет. Өйткені бұл фильмді ертең бүкіл Қазақстан көреді. Сенің сөзің әрбір адамның құлағына   нақты әрі жағымды естілуі тиіс. Дыбыстаушы дубляжшымыз сүле-сапа оқи салса, ертең халықтың алдына солай жетеді. Әдетте кинодағы барлық әртістердің әрқайсысына бір-бір адамнан дыбыс беру мүмкін емес. Сондықтан, бір адам бірнеше дауысты дыбыстай білуі керек, сонда ғана ол нағыз дубляжшы бола алады. Ол үшін режиссерлер әртістерге бағыт бере отырып, жұмыс істеуі керек. Қосанжар дыбыстың бәрін беріп, актерлердің дауыс ерекшеліктеріне қарай дыбыстарды бөлу қажет болады. Бастыққа, балаға, шалға, кемпірге келетін дыбыс болады, соның барлығына өз рөлін тауып беру қажет. Жалпы әрбір нәрсеге махаббат керек. Алла Тағала адамды махаббатпен  жаратты. Біз де өз жұмысымызды махаббатпен істесек қана нәтиже шығады. Сосын әр нәрсені өз маманы істеуі керек. «Алтынды зергер соқсын» дегендей, дубляжды дубляжшының өзі істесін, сонда ол көрерменнің де көңілінен шығады.

       -  Бізде дубляжшыларды тәрбиелейтін арнайы оқу орны бар ма?

     - Қазір бізде  негізінен арнайы дубляж саласына тәрбиелейтін орын жоқ.  Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында  сахналық тіл бөлімі бар, содан өтеді. Сол дубляжшы болып есептеліп жүр. Меніңше, бұған бейім жастарды тәрбиелейтін арнайы орын ашу керек. Мүмкін, сол өнер академиясына арнайы жеке мамандық ретінде қосуға болатын шығар. Шет елдерде дубляж саласына арнайы тәрбиелейтін орындар бар.

        - Қазіргі аударылып жатқан киноларға көңіліңіз тола ма?

        - Қазір елімізде телеарналар көбейді, бір-бірімен бәсекелесе даму үстінде. Бұрынғымен салыстырғанда, тіл мен сөйлеу жағынан болсын, аударма жағынан болсын, деңгейлері жоғары. Жалпы аударманың жақсы-жаман болуы аудармашыға байланысты. Кейбіреулер шұрайлы тілмен жақсы аударады. Аударманың тілін көркем етіп, тігісін жатқызып аударса, жақсы нәтиже шығады. Бұл  үшін білікті маман керек. Киноның өзінің қалпы, сөйлеу тілі деген болады. Мысалы  «дорога» дегенді «жол» деп аласың ба, әлде «соқпақ» деп аласың ба? Сол көрініске қайсысы дәл келеді? Сол туралы ойлану керек. Сөзбе-сөз аударуға болмайды. Көріп жүрмін. Кейде адам ұялатын қателіктер кетіп жатады. Дәйексіз пікір болмасын, мысал келтіре кетейін.  «Көзіме шөп салдың» дегеннің орысшасы «ты мне изменил»екені белгілі. Мен осыны сөзбе-сөз аударып, «сен мені өзгерттің» деп қолданғанын көрдім. Сонда бұл сөзден не түсінуге болады. Кинода әйелімен сөйлесіп отыр: «Сен мені өзгерттің!» «Жоқ, мен сені өзгерткен жоқпын». Бұны кімнің қалай түсінетіні беймәлім. Бірақ қазақтың құнарлы тілімен сусындап, ана тілін құрметтей білетін, сөздің қадірін түсінетін кез-келген қазақ  мұны көрсе, қорланатыны, ашынатыны анық. Қазақ көрермендері осылай-осылай үйіндегі «көк жәшіктен» қазақша кино көруден қалып барады. Меніңше, аудармадағы мұндай сорақылықтардың барлығы орысша ойлаудың, орысша сөйлемнің жетегінде кетудің әсерінен. Біз көбінде киноны орыс тілінен аударамыз, аударма саласындағы қателіктердің басым көпшілігі де содан болады. Мысалы, түріктің киносын орысшаға аудардық. «Ассаламуалейкүм» дегенді орысшада  «Здраствуйте» деп аударған, ал оны орысшадан қазақшаға аударғандар «сәлеметсіз» қылып жіберген. Міне қателік қайда жатыр? Бұның барлығы түпкі мағынасымен бастапқы ана тілінен аудармағанның салдары. Сондықтан менің айтарым, әр киноны мүмкіндігінше оның түпнұсқа тілінен аударуға күш салғанымыз жөн. 

      -  Қытайда оқыдыңыз, Қытай телеарналарында жұмыс істедіңіз.  Қазақстанға келіп дубляж саласында жұмыс істегеніңізге де біраз уақыт болыпты. Екі елдің телеөнер саласында қандай өзгешелеліктер мен артықшылықтар бар деп ойлайсыз?

     - Әр елдің өзінің артықшылығы бар ғой, Қытайдың теледидар саласының  тәжірибесі мол, ал біздің телеарналарымыздың енді-енді дамып, бір ізге түсіп келе жатқанын айтуға тиіспіз. Көптеген жақтары әлі де ақсап жатыр. Біріншіден, тіл жағы, екіншіден ұрпаққа үлгі болатын ұлттық бояуы жоғары кинолардың аздығы адамды ойландырады. Жалпы ақпарат саласы бойынша бір елде бір ұлт басым орында тұруы керек. Ол әрине мемлекет құраушы ұлт болуы тиіс. Қытайда қытай телеарнасы қытай ұлты үшін толыққанды жұмыс істеп жатыр. Өз ұлтын отаншылдыққа тәрбиелейтін киноларын қояды, балалар көретін қуыршақ фильмдердің өзі ізгілікке, тәлім-тәрбиеге құрылған. Ал біздің кей телеарналар биліктің тікелей араласуымен ғана қазақ тілінің эфирдегі уақытын 50 пайыздық көрсеткішке жеткізген болып отыр. Сол жарты санның сапасы да жарты күйінде қалып келе жатқаны жасырын емес. Басқасын айтпағанда, екі миллиондай қазақ тұратын Шынжаң жерінде 24 сағат қазақша сөйлейтін үш телеарна бар. Осымен салыстырғанда қазақ шаңырағында өз тіліміздің осыншалық ақсауы үлкен олқылық.

        - Мүмкін, біздің телеарналардың техникалық  жабдықталуы кемшін болар?

       -Техникалық жағынан салыстырғанда,  отандық телеарналар қазір ешкімнен кем емес, әлемдік деңгейдегі ең соңғы технологиялармен жабдықталған деп айта аламын. Бірақ техника бәрін шеше алмайды ғой, оған жақсы маман керек.  Құр темірдің кімге керегі бар? Техника жоқ кезде  де түсірілген қаншама тартымды киноларымыз бар.

      - Техниканың соңғы мүмкіндігімен қаруланған болса, онда неге үйдегі «көгілдір жәшіктен» ұлттық болмысымызға жақын, ділімізбен үндес фильмдерді көре алмай жүрміз? 

        - Жалпы ұлттық бағыттағы киноларды түсіруге деген ынта-ықыласымыздың жоғары екенінде сөз жоқ. Бірақ қазірге дейін жасалған біраз фильмдердің әрбірінің басынан бір кем дүние бұлтиып шығып қалады. Біз кейбір киноларымыз шетелден  жүлде алып келді деп мақтанып жатамыз. Көрсең түкке керегі жоқ, ылғи басқа ұлттардың шашбауын көтерген кинолар. Қазақта тектілік деген  ұғым бар. Қанша мықты болса да тектілігін жоғалтқан нәрсе қазаққа, ұлтқа дұшпан. Ондай кино бізге ештеңе әкелмейді, сондықтан кинода да тектілікті сақтау керек. Қазақтың сойылын соқпаған киноның бізге  керегі де шамалы.

      Шетелдің бір жігіті қазақтың қызын атқа мінгестіріп бара жатса, бұны жақсылыққа жорымауымыз керек. Біз өз асылымызды бағалай алмай жүрміз. Меніңше тәрбиелесе, қазақта өнерлі адамдар жетерлік! Шетелге жүгіріп керегі қанша? Алла Тағала біздің әрқайсымызды танып алу үшін ұлтқа бөліп жіктеді. Құранда айтады: «Халқы зұлым болғандығы үшін, өзін-өзі біле алмағандығы үшін, мен оларды құртып жібердім» - дейді. Бұны әрбір қазақ білуі керек. Өзінің  тілін, ділін сақтамаса, ол бір күні Құдайдан қарғыс алады. Қазақстанда қаншама мықты әртістер бар. Шетелдік әртістерді  шақырудың ешқандай қажеті жоқ. Қазақты тек қазақ баласы көтереді.

     - Өз еліңізге қандай бір жаңа жетістіктер ала келдім деп ойлайсыз?

       - Мен Қытайда  10 жылдай  қазақша телефильм жасау саласында жұмыс істедім, сол  елдегі 24 сағат қазақша таратылатын телеарналарға атсалысқан азаматтардың бірімін. Қытайда жүрсем де теңізде жүрген балықтай жүзе берер едім. Бірақ қанша дегенмен қазақтың болашағы - қазақ жерінде. Меніңше, бойында қазақтың қаны бар әрбір азамат ертерек елге оралып, тәуелсіз еліміздің бір кірпіші болып қаланып, қолынан келер үлесін қосуы тиіс. Мені де Қазақстанға жетелеп келген бойымдағы қазақтың қаны. Елге  келгелі өзім білетін мамандығым бойынша телеарна саласында жұмыс істеп жүрмін.  2004 жылы Таңжарық Жолдыұлы туралы түсірген  деректі  телефильмім «Астана-Бәйтерек» фестивалінде жүлделі орынға ие болды. Фильмнің режиссері және сценарийшісі ретінде марапатталдым. Бұл менің атамекендегі алғашқы жеңісім еді. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында Президенттің: «Қытай қазақтары әдебиетінің жарық жұлдызы Таңжарық Жолдыұлы туған әдебиетіміздің төрінен орын алсын» - деген сөзі бар еді. Бұл фильмді түсіруіме себепші болған Елбасының осы сөзі болатын.

         Енді мен пәлендей бір жетістік әкелдім деп те айта алмаймын. Оны халық бағасын беріп айта жатар, бағаламаса көптің бірімін. Қытайда ұзақ жылдар жұмыс істедім, білген тәжірибемді әкеліп осында салып жатырмын. Аударма саласында өзімше бір түспен жұмыс істеймін. Дубляж төңірегіндегі аударманың табиғатын қазақыландыруға, орысша қалыптағы «қазақшаны» қазақ қалпына түсіруге тырысып келемін.  «Модель қыз» деген сөзді «Сән бике» деген қазақи сөзбен алмастырдым. Қазір бұл сөз көптеген киноларда қолданысқа түсіп жүр. Сол секілді «визитка» сөзінің орнына да  «әйгі» деген сөзді қолдандым. Қысқасы, дубляж аудармасында жиі кездесетін шетелдік сөздерді мейілінше қазақы ұғымдағы сөздермен беруге талпынып жүрмін. Ос тұрғыдан алғанда, өзіндік бір жаңалықтарым да бар шығар деп ойлаймын.

        Адамда арман көп қой. Біраз жұмыстар істегім келеді. Жоспарым көп. «Күлтегін» деректі фильмін түсіріп жатырмын, 90 пайыз дайын.  Еуразия Ұлттық университетінде Қаржаубай Сартқожаұлы деген ғалым, тарихшы,  ұлтжанды ағамыз бар. Сол  кісінің көмегімен, демеуімен осы фильмді қолға алып жатырмын. Құдай қаласа, аз уақытта халықпен қауышады деп ойлаймын.  Ұлы тұлғалар жөнінде деректі фильм түсіргім келеді, шеттегі қазақтар арасында сақталып қалған қазақтың үлкен мәдениеті бар, соны ашып елге дәріптегім келеді. Өзім қанығырақ білетін Қытай қазақтарының арасында өткен арқаның төл тумасы Әсет Найманбайұлы жөнінде деректі кино түсіру ойымда бар. Оған 60-70 пайыз дайынмын, өйткені, Әсеттің басы жатқан Көкқамыр жайлауынан келіп отырмын. Қытай қазақтарына өте танымал Ақыт Үлімжіұлы деген  ғұлама кісі болған. Сол атамыз жөнінде дайындықтамын. Күйші Әшім жөнінде кино түсіру ойымда бар. Астана қалалық мәдениет департаментінің қолдауымен «Қазақтың ұлттық билері» деген фильм түсіріп жатырмын.  Жақында ғана Қытайда «Қара жорға» биін 13 мыңнан астам адам билеп үлкен жетістікке жетті. Ол  ынтымақтың, бірліктің, қазақтың өнерінің арқасы. Қазақ ертеден өнерлі халық. Бұл фильмде ұмытылып бара жатқан «Аю биі», «Бүркіт биі»  сияқты қазақтың ежелгі ұлттық билерін   алып шықсам деген ойдамын.

     -  Сөз соңында тіл мәселесіне қайыра оралсақ. Шетелдік сөздерді, халықаралық терминдерді аудару-аудармау мәселесіне қалай қарайсыз?

      - Басқа ұлттың мәтіндерін алғанда «халықаралық термин ғой» дегенге шаш-тырнағыммен қарсымын! Қазақтың құнарлы тілі мағынасын, ұғымын бере алатын болса, неге аудармасқа?! Тілді қазақша үрдіске келтіру керек. Тілдерді жалпы төртке бөледі ғой:  қопарма тіл, қорытпалы тіл, жалғамалы тіл және буынды тіл. Біз жалғамалы тілден,  түбі бір түркі жұрттарының тілдерінен алайық.

        - Рахмет.