Дүкенші нәрестелерін мұздатқышта сақтағаны үшін айыпталуда

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - Ресейде жаңа туылған екі нәрестесін өлтіріп, оларды бірнеше жыл бойы мұздатқышта сақтады деген айыппен күдікті дүкеншіге қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Бұл туралы ВВС хабарлады.

Свердлов облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жақын арада аталған дүкенші әйел сот алдында жауап береді. Ол «дәрменсіз жағдайдағы екі адамды аса қатыгездікпен өлтіру» бабы бойынша айыпталып отыр.

Тергеу нұсқасына қарағанда, 2007 жылдың жазында аталған әйел Среднеуральск қаласындағы коммуналдық пәтерде медициналық көмексіз нәрестені дүниеге әкелді. Келесі күні таңертең ол баланы қапшыққа орап, дүкендегі мұздатқыш камераға орналастырады. Екі жылдан кейін ол тағы бір баланы туады. Осы жолы да дүкенші нәрестені мұздатқышқа алып барады.

Атап айтқанда, гастроном қызметкерлері екі нәрестенің денесін тек биылғы 14 мамырда тексеру жүргізу кезінде анықтады.