АСТАНА. ҚазАқпарат – Ташкент қаласында бокстан ерлер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Дулат Бекбауов күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Асадхуджа Муйдинхуджиевпен қолғап түйістірді.
Осыған дейін қарсыластар өзара бір рет кездесіп, онда Дулат жеңген еді.
Бұл жолы алғашқы раундта өзбекстандық боксшының соққылары дәлірек тиді – 5:0. Екінші кезеңде бес төрешінің төртеуі А.Муйдинхуджиевке басымдық берді. Үшінші раундта Дулат Бекбауов алға ұмтылып баққанымен, кеш болды. Қорытынды есеп – 5:0, өзбекстандық спортшының пайдасына шешілді.
Қалған үш боксшымыз алтын жүлде үшін ертең таласады. Махмұд Сабырхан (54 кг) мен ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (71 кг) өзбекстандықтар Ойбек Джураев, Саиджамшид Джафаровпен, ал Нұрбек Оралбай (80 кг) қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатханмен рингке шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бүгін Ташкентте Санжар Тәшкенбай мен Дулат Бекбауовтың алтынға таласатынын жазған едік.
Санжар Тәшкенбай Ташкентте бокстан әлем чемпионы атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).