Дүлдүл әнші

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халық өнері адам жанының небір құпия иірімдері көрінетін күрделі сала.

Ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын кең байтақ қазақ даласының түкпір-түкпірінде қасиетті ән мен күйді шашау шығармай жинастырып, халыққа насихаттап жүрген өнер иелері қаншама!?

Әр әншінің әсем дауысынан, жүрек лүпілінен даланың алуан түрлі бояуларын айқын байқаймыз. Ал домбыраның үнінде халықтың жан сезімі, мінез-құлқы бар. Көздің жасын, көңілдің ділін, арман-мұңын ән арқылы жеткізген ғой халқымыз.

Ән тыңдай отырып, бабаларымыздың басынан кешкен қайғы-қасіретін, күйініш-сүйінішін замана сарынын көз алдымызға келтіреміз.

Біз бұдан біраз жыл бұрын «Атамекен аспаны» радиофестивалімен Атырау өңіріне бардық. Келе өзіміз білетін әнші-күйшілерімізді іздестіре бастадық. Алғаш облыстық филармонияның есігін ашқандағы ойымыз Қазақ радиосының әуе толқынынан әлденеше насихаттаған Қазақстанның халық әртісі Мекес Төрешовпен жолығып, сырласу еді. Өкінішке қарай, Мекес ағамыз бірер ай бұрын дүниеден озыпты. Мен ендігі жерде бұл кісі туралы естелік жазатыныма қатты өкініп қалдым...

Қаумалаған өнер иелері Мекес ағалары жайлы ортақ ой айтып, ол кісінің қадір-қасиетін тізбектеп баяндай берді...

Әнші Мекес Төрешов Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданына қарасты «Таубұйрат» ауылдық кеңесінің «Қарақұс» елді мекенінде туған. Ауылдағы бастауыш мектептен «Сүйіндік» ауылындағы орта мектептен онжылдық білім алған. Дарынды өнерпаз бала кезінен қолына домбыра ұстап, анасы Мәдинаның тәрбиесімен өнерге ұмтылады.

Ол бозбала кезінде той-думанда ән салып, ауыл өнерпаздарынан көп үйренеді. Осы жайлы Мекес ағамыздың өзі кезінде былай деген еді:

«Мен бесінші-алтыншы сыныпта оқып жүрген кезде Ғарекеңнің күйтаспаға жазылған әндерін естіп, өнерге құштар болып өстім. Бізде қызыл бұрыш деген болатын. Сонда патефон тұрушы еді. Мынау «Желкілдек», «Жас өмір», «Ақжамал», «Айнамкөз» әндері сол пластинканың бір жағында, екінші жағында Жүсіпбек Елебековтың орындаған әндері бар-тын. Әсіресе Ғарекеңнің орындаған әндері қатты әсер етіп, өскенде әнші болсам-ау деген ой қалыптасты. Көп ұзамай қолыма домбыра алып, ән үйрене бастадым. Қалай болғанда да Ғарекеңнің орындау шеберлігі дауысының биік шыңға көтерілуінің өзі ерекше еді. Содан әнші болуды өзіме талап етіп қойдым.

«Қазақконцерт» жаңа ашылып жатқан кез болатын. 1959 жылдың аяғы, 60- жылдардың басында «Қазақконцертке» жұмысқа орналастым. Содан бері сахнада еңбек етіп келемін. Менің ән бағдарламамда Ғарекеңнің орындаған халық әндері мен Мұхит бабамыздың әндері бар. Ғарекеңнің әндерін айтушылар көп. Ол кісінің домбыра қағысы, әнді орындау шеберлігі ерекше, біз қанша Ғарекеңнің әндерін айтсақ та кейбір кезде шалалық жасаймыз. Дегенмен осы кісінің қол соғуы, айту иіріміне ден қойып, көп-көп үйрендік», - деп еді Мекес аға көзі тірісінде.

Шашасына шаң жұқтырмайтын дарабоз, күміс көмей әншілер Мұхит мектебінен өнеге алып, сарқылмас рухани қазынамызды әр кезеңде толықтырып отырғаны баршаға аян.

Ғарифолла атамыз Мұхиттың ұрпақтары Шынтас пен Шайқыдан үйренсе, Ғарекеңнің орындаушылық шеберлігін бойына дарытқан Мекес көңілді, күлдіргі әндерді нақышына келтіріп орындағанда тыңдаушыны бір серпілтіп тастайтын. Ал осы жайлы әнші Ажар Сейтенова былай деп еді:

«Әнді айтқан сайын Мекес ағаның дауысы ашыла түсетін. Домбыраның бұрауын жоғары көтере береді, дауысы жетпей қала ма деп ойлайсың. Дауысты бар күшке салып айтатыны бар, фальцетке салып айтатыны бар. Домбырадан жел есіп тұрғандай, қасында отырғанды ұйытып алады. Сахнаға шыққанда да тыңдаушыны баурап алады. Тыңдап отырып әнге ғашық болып қаласың. Әдемі салатын иірімдері бар. Ғарекеңді дәл қайталамайды. Өзінің ерекше қасиетімен Мекес екенін білдіріп тұрады. Қағыстары мен иірімдері төгіліп тұратын. Ағай бұрын әнші ретінде танылса, кейін ұстаз болып, соңынан шәкірт ертті. Мекестің әзілге құрылған әндерді шебер орындағаны сонша, ел қырылып күліп, мәз-мейрам болатын».

1960 жылы «Қазақконцертке» орналасқан Мекес өнер майталмандарымен сапарлас болып, көпшілікті өнерімен тәнті етті. Арнайы алдынан дәріс алмаса да, ол Ғарекеңді ұстаз тұтты. Дала төсінде төгілте ән шырқаған тұнба дарын иесі Мекесті басшылардың бірден «Қазақконцертке» қабылдауы көрегендік десе де болғандай. Сол кездері шебер күйші Оқап Қабиғожинның бәйбішесі Мекеске күйшінің домбырасын сыйға тартқан. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» демекші, аяулы ананың ақ батасын алған Мекес Оқап ағасының домбырасын жарты ғасырға жуық қолынан түсірмеді.

Енді бірер уақыт бұрын Мекестің Мұхит мектебінің қадір-қасиеті жайлы айтқан ойын келтіре кетейік.

«Қазіргі кезде Мұхиттың әндерін салатын қандай әншілер бар?

- Мұхит мектебін әрі қарай неге жалғастыра бермейді? - деген сұрақ туса, бұл әннің күрделілігіне байланысты ғой деп ойлаймын. Екінің бірінің орындай алмауы осы әннің күрделілігінен екені рас».

Әнші Жайықтың жағасындағы Атырау қаласына келіп, облыстық филармонияға қызметке орналасады. Осы арада өмірлік жары Жақсыгүл Рахманқызының естелігін жалғастырсақ:

.... Мекес екеуміз 1967 жылы бас қосып, Атырауға келгенбіз. Қырық жылдан бері қарай осы Атырауда тұрып жатырмыз. Ол кісінің адамгершілігі мол, өмірден көргені бар, кейінгі ұрпаққа берері бар, артында ізі қалды. Балалары бар, шүкір, екі ұл, бір қыздың ата-анасымыз. Сол балаларды өсіріп-өндіріп, үйлендіріп тұрмысқа беріп, арқа-жарқа болып отырған кезімізде Мекес дүние салды. Балалардың ішінде ешкімнің өнерге бейімі жоқ. Балалар барлығы да инженер. Жиенімізді музыка академиясына оқуға бердім.

Тілші: Мекес ағамыздың әкелік қамқорлығы жайлы да айта отырсаңыз?

Жақсыгүл: Балаларды бетінен қақпай өсірді, тәрбиеледі.

Тілші: Ағаның орындаған әндерінің ішінде өзіңізге арналған әндер дегенді қайсысын айтар едіңіздер?

Жақсыгүл.: «Екі-ай көзің жан қалқа» дейтін бір әні бар, алғаш соны естіп, өзім ғашық болғам. Кейін бар әні жаныма жайлы тиетін....

Әншінің елге оралуына ықпал еткен сол кездегі филармония директоры Ғинаят Үмбетов еді. Ол кісі Мекесті жаңадан құрылған «Атырау-Жайық» ансамбліне әнші ретінде қабылдады. Халық әндерімен қоса Мұхит бабасының әндерін тамылжыта орындай білген Мекес үнемі ізденіс үстінде шыңдалған әнші. Ол ансамбль құрамында Қазақстанның көптеген аймақтарында өнер көрсетіп, республикадан тыс Түркия, Моңғолия, Өзбекстан, Түркіменстан, Ресей жерлерінде туған халқының өнерін насихаттады.

Мекес Төрешов қиындығы мен қызығы мол қасиетті өнер жолын айқындап, сол жолда қажымай-талмай еңбек етті, шәкірт тәрбиеледі. Әнші Мекес жайлы Атыраулық күйші Қадыржан Түсіпқалиев былай дейді: «Мекеспен филармонияда бірге жүрдім. Мекестің артықшылығы әннің иін келтіретін. Сондай дауысы ашық, жақсы азамат еді, өзі ақкөңіл, арамызда сыйластық болды. Үлкен демейді, кіші демейді, жүгіріп барып бетінен сүйеді. Айналып-толғанып жүреді, аса бауырмал жан еді».

Әнші Гүлмайдан Сүндетова сөз орайында Мекес Төрешовтың орындаушылық шеберлігіне баса көңіл бөліп, еске алды:

Мекес ағамыз бар болмысымен өнерге берілген адам еді. Өкініштісі, өмірден ерте кетті, ағамыздың әлі де берері бар еді. Мекес ағамыз Ғарекеңнің ән орындау шеберлігін толық бойына сіңірген және оны әрі қарай көп ізденіспен дамытқан жан еді. Халық әншінің өнеріне бас иетін, тамаша орындаушы, дарынды өнер иесі еді ғой.

Мен шәкірт тәрбиелеген ұстаз бақытты деп ойлаймын. Ол кісінің артынан да көп шәкірттері ісін жалғастырып, ұстаздан алған білімін әрі қарай насихаттауда. Мекес маған туыс болып келеді. Ағамыздың аңқылдаған мінезі болатын, өзінен кішілерге «айналайындар» деп еркелетіп отыратын. Өнер өлмесін дейміз, іздеушісі болсын деп тілек айтамын...

Асқақ та сазды әуенімен тыңдаушысын ән қанатында тербеген Мұхит мектебінің санаулы саңлақтарының бірі Мекес Төрешов халқының аңсай күтіп, тамсана тыңдайтын әншісі еді. Әнсүйер қауымды тәтті әуенге ұйытып, зор қошеметке ие болған шағында ол бақи дүниеге кете барды. Оның судай тұнық, сынаптай толқыған сұлу үні, шырқата салған әсем әндері талай тыңдаушының жадында қалды. Мекестің Қазақ радиосының алтын қорына қалдырған ән-термелері теңіздің тамшысындай ғана. Әнші асыл қазынасын өзімен бірге ала кеткендей.

Әр әншінің табиғатына бейім, өзіндік орындаушылық ерекшелігі болады. Тұғыры берік, тұрлауы тиянақты өнер болмысымен ерекшеленеді. Асыл өнердің бағы, көшелі кісіліктің иығына қонғанда ғана жанады. Мұратын тереңнен тапқан әншінің жан-дүниесі, өмірге көзқарасы әндей сергек, маңғаз, таза да сұлу. Ол пендешіліктен биік жан еді.

Өмір көшінің алдында халқының ән-жырын арқалаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мекес Төрешов әннің асылын шырқап, саналы ғұмырын қасиетті өнерге арнады. Өнер иесінің ой-сана, болмысы, қоғамдағы орны, азаматтық тұлғасы уақыт озған сайын сомдала түспек. Кейінгі ұрпақ әндерін үнтаспадан үйреніп, өнер зерттеушілер орындаушылық шеберлігінен ғылыми еңбектер де жазар.

«Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп Абай атамыз айтқандай, әр адам бір жұмбақ әлем. Өмір бойы ән сырын зерттеп, соңғы нүктесін қоя алмай кеткен, сырлы да сырбаз өнердің тұңғиығына бойлай, інжу-маржанын теріп, тыңдаушысына мөлдірете жеткізе білген шебер суреткер, талғампаз орындаушы, ұлағатты ұстаз, асыл жар, ардақты әке, арқа сүйер аға, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мекес Төрешов Мұхит мектебінің төл өкілі, арқалы әншісі еді...

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева