Думан Оразалин Бейжіңнен Қазақстанға экстрадицияланды

АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат. 1 қазанда ҚР Бас прокуратурасы Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі және Қытай Халық Республикасы құқық қорғау органдарының қолдауымен Думан Оразалинді Бейжіңнен Қазақстанға экстрадициялады,

деп хабарлады бүгін Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 228 (өкiлеттiктердi теріс пайдалану) және 232 (мiндеттерiне адал қарамау) баптарымен қарастырылған қылмыстарды жасағаны үшін Шығыс Қазақстан облысының ІІД іздеу жариялаған болатын.

Атап айтқанда, Д. Оразалин Өскемен қаласындағы «Каспий Банк» АҚ филиалының директоры болып жүріп, өкiлеттiктерiн теріс пайдалану арқылы банкке 47 млн теңгеден астам сомаға залал келтірген.

Жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Д.Оразалин Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қытай астанасында қытайлық билік өкілдерімен ұсталып, Қазақстан құқық қорғау органдарына берілді.

Қазіргі уақытта ол Алматы қаласындағы тергеу изоляторында.

Тергеу амалдары жүргізілуде.