Роботтардың бірі - кәрі әрі данышпан Коралл шал бейнесінде, ал екіншісі кішкентай балық Муренка. Олар өзара сөйлесіп, орталыққа келушілерді Океанариум мен Джунглиге қонаққа шақырады.
Композицияның жалпы ауданы 15 шаршы метр, биіктігі 5 метр. Аниматроникстер барлық қозғалыстарды компьютерлік бағдарламалау арқылы жасайды. Олар сөйлеген кезде бет-әлпеті де кәдімгі адамның жүзі сияқты мың құбылып, күлгенде беті бүлкілдеп, көзі ашылып-жұмылып, еріндері айтқан сөздеріне байланысты қозғалады.
Айта кетейік, бұл аниматроникстерді түгелдей қазақстандық «ЕХРО-life» компаниясы жасап шығарды.
«Біздің аниматроникстерімізге үлкен техникалық әлеует салынған, біз оны одан әрі дамыта түспекпіз. Жақын болашақта аниматроникс интерактивті қабілеттермен қамтамасыз етіледі. Сөйтіп олар ән айтып, өлең оқып, келушілердің сұрақтарына жауап беріп, тіпті олармен әңгімелесе де алатын болады», - деп атап өтті компания директоры Марат Сайрамбаев.
Оның айтуынша, компания тағы бірнеше жаңа аниматроникстер жасауда. Олар да жуық арада «Думан» ойын-сауық орталығына қойылады.