Думан-жырдың ордасы - Дәрібаевтар отбасы (ФОТО)

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік алған алғаш жылдары лирикалық әндерімен қалың көпшіліктің жүрегінде сақталып қалған Дәрібаевтар отбасын білмейтін қазақстандық кемде-кем шығар. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өнерпаз әулет - Алматыдағы Алатау ауданының құрметті тұрғындары.

Өздерінің дара өнерінің арқасында отбасылық ұжым алматылықтар арасында да құрметке ие. Алатау ауданының әкімшілігі Дәрібаевтар отбасына «Мерейлі отбасы» қалалық байқауына қатысып бақ сынауға ұсыныс берді.

Шығармашылық отбасының Оңтүстік Қазақстан облысынан өнер мен мәдениет ордасы - Алматыға көшіп келгеніне 9 жыл болды. Сол уақыттан бері алып қаланың тыныс-тіршілігіне етене араласып, мәдени дамуына үлес қосып келеді.

Музыканттар дианастиясы Ибрагим мен Әлия Дәрібаевтардың шаңырақ құрғанына 34 жыл толады.

Тек бірнеше бала тәрбиелеп, оларды жеткізіп қана қоймай, қалың көпшілікті өнерімен сусындатып жүрген жұптың артындағы ұрпағы да, «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, музыкалық білім алып, өмірін музыкамен байланыстырған екен.

Үлкен ұлы Сәкен Дәрібаев 33 жаста, музыкант. Қазір патриоттық тақырыптағы динамикалық әндерді жазып, аранжировка жасаумен айналысады. «Дәрібаевтар ансамблінің» шығармашылығына жаңа тыныс беруге талпынып жүр. Өз алдына отау тігіп, жеке үй болып кеткеніне 7 жыл толды. Жары Сұлушаш Масабаева екеуі 3 баланы тәрбиелеп келеді.

Одан кейінгі балалары Меруерт пен Гүлден де бір-бір шаңырақтың түтінін түтеткен отанасы. Олар да музыкадан қол үзбей, ән сабағының мұғалімі қызметін атқарып келеді. Кіші қыз Айя да мектеп оқушысы бола тұра, вокалдық кластардан қалмайды. Әрі фортепианода ойнауды меңгеріп жүр.

Қазір бірлігі жарасқан отбасылық ұжым өз өнерінің жемісін көріп жүр. Қаланың ортасында жеке студиялары бар. Студиялық жұмыстардан тыс отбасылық ансамбль корпоративті кештерде өнер көрсетеді. 2011 жылы Дәрібаевтар ансамблі Республика сарайында өзінің жеке концертін берді.

Отағасы Ибаргим Дәрібаев шаңырақтың шаттығы береке-бірліктің кетпеуінде деп санайды.

«Біз тек отбасы ғана емес, үлкен шығармашылық ұжымбыз. Біздің бір мақсатта еңбек етіп, ауызбіршілігіміздің ажырамауы осы ұжымдық тәртіпте жатыр. Ай сайын отбасымды, ұжымымды жинап жиналыс өткізіп тұрамын. Кімнің қандай ойы бар, шығармашылық идеясы бар. Барлығын ортаға салып, талқылап отырамыз. Мен балаларымнан сыртта маған жетекші ретінде қарауын талап етіп, қатаңырақ болсам, үйде барынша мейірімді болуға тырысамын», - деді әулет басшысы Ибрагим Дәрібаев.