«Думанды керуен» астананы аралап жүр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда күні мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында 1-6 шілде аралығында «Думанды керуен» жылжымалы концерті өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Іс-шара коронавирус пандемиясына байланысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтап өткізілуде.

«Концертте өнер көрсететін әншілердің барлығы вакцина алған, ұйымдастырушылар 3 күн сайын ПТР-тест тапсырады. Бұл әлемдік індеттің таралу қаупін бәсеңдетеді. Сақтық шаралары қоғамымыз үшін, қаламыз үшін аса маңызды әрі қажет», - дейді ұйымдастырушылар.

Іс-шараны өткізудегі мақсат – елорда тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығында тұрғындардың патриоттық рухын күшейту.

Сондай-ақ қала халқының қатаң пандемия жағдайында бір орынға жиналмауын қамтамасыз ету мақсатында концерт форматында жылжымалы сахна таңдалып алынған.

Әртістер, өнер ұжымдары бөлек автобуста болады.

«Думанды керуен» жылжымалы концерті кезінде өнерпаздар Нұр-Сұлтан қаласының 4 ауданы: Есіл, Сарыарқа, Алматы және Байқоңыр аудандарына кіретін тұрғын алаптарын аралайды.

4 сағаттық арнайы концерттік бағдарлама жасалған. Бағдарламада қазақ халқының музыкалық мұрасы насихатталып, ұлттық саз аспаптарымен ән-күй орындалады.

Сонымен бірге эстрада жанрында әндер шырқалады. Оған «Қорқыт» этно ансамблі, «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі, Үрлемелі аспаптар оркестрінің артистері, Арайлым Рақым, Нұржан Мейірхан, Салтанат Серкебаева, Айнұр Қонысбаева, Асқар Әшім, Әкімхан Маженов, Мұратбек Хайролда, Диана Маева, Дос және басқа әншілер қатысады.

«Думанды керуен» жылжымалы концерті 1 шілдеде Есіл ауданына қарасты «Үркер» және «Пригородный» тұрғын алаптарын аралады.

2-3 шілдеде Сарыарқа ауданына қарайтын «Көктал-1», «Көктал-2», «Агроқалашық», 4-5 шілдеде Алматы ауданы территориясындағы «Күйгенжар», «Мичурино», «Интернациональный», «Теміржол», «Өндірістік», «Оңтүстік-Шығыс», 6 шілдеде Байқоңыр ауданындағы «Қазгородок», «Кирпичный», «Чугунка» тұрғын алаптары мен елорда іргесіндегі елдімекендерді аралайды.

Концерттік бағдарлама тұрғындар қызығушылығын туғызды. Керуенге қол бұлғап, сәлем жолдап, тіпті ауласында жайқалып өсіп тұрған раушан гүлін үзіп әкеп, әншілерге сыйға тартқан сәттер де болды.

«Пригородный» тұрғын алабында тұратын ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 100 жастағы зейнеткер генералы үйінің алдынан өткен думанды керуен әртістеріне ақ батасын беріп, ризашылығын білдірді.

Карантин талаптары қатаң болғандықтан, жылжымалы концерт еш жерге аялдай алмады. Десе де, тұрғындар ықыласы ерекше екені байқалады.