Дунай суы тартылып, Мажарстан жалғыз атом станциясы жұмысын тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM — Мажарстан 44 жылда алғаш рет елдегі жалғыз атом электр станциясы — «Пакш» АЭС-інің жұмысын тоқтатады. Бұған Дунай өзеніндегі су деңгейінің рекордтық төмендеуі себеп болды. Бұл туралы Deutsche Welle жазды.

Фото: Peter Lakatos/ MTI

АЭС-ті уақытша тоқтату туралы Венгрия премьер-министрі Петер Мадьяр мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған реакторларды салқындату үшін пайдаланылатын Дунайдағы су деңгейінің бұрын-соңды болмаған деңгейде төмендеуі себеп болған.

«Пакш» АЭС-і Мажарстандағы барлық электр энергиясы өндірісінің шамамен жартысын қамтамасыз етеді. Электр тапшылығы болуы мүмкін деген қауіпке байланысты билік тұрғындар мен кәсіпкерлерді энергия тұтынуды азайтуға үндеді.

Бұған дейін ел үкіметі төтенше жоспар әзірлеген еді. Ол өнеркәсіптік кәсіпорындардағы электр тұтынуды кезекпен шектеуді қарастырады. Сонымен қатар басқа электр станциялары өндіріс көлемін уақытша арттыруға тиіс.

DW мәліметінше, Орталық Еуропадағы аптап ыстық пен құрғақшылық Дунай өзенінің тек Мажарстанда ғана емес, көршілес елдерде де қатты тартылуына әкелген. Шілде айының соңында Румыниядағы «Чернаводэ» АЭС-інің алғашқы энергоблогы тоқтатылды. Ал Сербияда су деңгейінің төмендеуіне байланысты автономды Воеводина өлкесінің солтүстік бөлігін сумен қамтамасыз ететін сорғы станциясы жұмысын тоқтатты.