Сондықтан, 100 томдық «Бабалар сөзі» жинағының тұсауын әлемдік деңгейде кесу қажет. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Алдан Смайыл осылай мәлім етті.
Өз сауалында депутат Мемлекет басшысы бастама болған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы ең ірі жоба - Қазақ фольклорының 100 томдық «Бабалар сөзі» жинағын шығару жұмысы аяқталғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай басылым әлем мәдениетінің тарихында бұрын-соңды болған емес.
«Дүние жүзінде фольклоры 100 томды құрайтын ұлт бар болса бар шығар, бірақ фольклорын 100 томға жинап, бастырып шығарған әлемдегі жалғыз ұлт - қазақ қана. Бұл жаһандық деңгейде мәні бар оқиға, бұл тек мақтаныш ететін рухани жетістік. Сондықтан да Білім және ғылым министрлігінің М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында әлемдік деңгейдегі фольклор Сейіт Қасқабасовтың жетекшілігімен басып шығарылып, жетесіне жеткізілген, «Фолиант» баспасында көркем безендіріліп, сапалы басылған «Бабалар сөзі» сериясының аяқталуы мемлекет өміріндегі елеулі рухани белес ретінде қарастырылуы керек», - дейді А. Смайыл.
Оның айтуынша, осы оқиғаға тиісінше мән беріліп, үкіметтік деңгейде көңіл бөлінуі елдің іші-сыртында лайықты насихатталуы қажет.
«Атап айтқанда, 100-томдықтың ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Майндағы Франкфурт қаласында тұсаукесерін өткізу, әлем тілдеріндегі салмақты жұрналдарда ғылыми мақалалар жариялау, осы оқиғаға байланыстырылған халықаралық ғылыми конференциялар ұйымдастыру, дүниежүзіндегі ең танымал кітапханалардың қорында осы құнды басылымның болуын қамтамасыз ету қажет. Осындай ауқымды да өзекті шараларды атқару бойынша Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат, Сыртқы істер министрліктеріне тиісті тапсырмалар берілсе», - дейді депутат А. Смайыл.