Дүниежүзі бойынша аурулардың диагностикасы мен емдеу хаттамалары бір – невролог

Фото: Фото: Александр Павский/Kazinform

Қыстың бірінші күнінде неврологтер – жүйке жүйесінің ауруларын диагностикалау мен емдеуді жүзеге асыратын дәрігерлер өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Осы айтулы күні Kainform тілшісі Алматыдағы ҚР Президенті Іс Басқармасына қарасты Орталық клиникалық ауруханасының бірінші санатты невролог-дәрігері Саида Айнековамен сұхбаттасқан еді.

Невролог пен невропатологтің айырмашылығы неде, осыдан бастасақ...

– Невролог – маманның ресми бекітілген атауы. Дәл осы терминді практикалық дәрігерлер тізімінде, кабинеттердің маңдайшасынан көруге болады. Неврологтің құзыретіне жұлын мен мидың зақымдалуымен байланысты ауруларды емдеу, қан тамырларының патологиясы, жүйке аурулары кіреді.

Невропатолог – осы мамандықтың ескірген атауы. Қазіргі неврология мен медициналық мекемелерде бұл термин қолданылмайды. Аталған терминді пациенттердің өздері, әсіресе алыс Кеңес кезіндегі адамдар жиі қолданады. Невропатолог пен невролог арасында ешқандай айырмашылық жоқ.

– Өзіңіз жұмыс істейтін аурухананың нейрохирургия бөлімшесіне тоқталып өтсеңіз?

– Қазіргі заманғы медицина өз арсеналында жүйке ауруларымен күресу үшін ауруларды диагностикалаудың көптеген әдістеріне ие. Елімізде соның ішінде біздің Орталық клиникалық ауруханада нейрохирургия саласында жасалатын ота саны артты. Дәрігерлер соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен жұмыс істейді. Заманауи, озық технологияны қолданады. Емдеу нәтижелері бойынша көрсеткіштерді әлемдік көрсеткіштермен тең дәрежеде деп айтуға болады. Тек операция емес, операциядан кейінгі жағдайларды да қолға алынған.

Фото: Александр Павский/Kazinform

– Қандай неврологиялық аурулар жиі кездеседі?

– Медицина саласында жүйке кернеуінен, күйзелістен, депрессиядан туындайтын неше түрлі ауру бар. Инсульт – мидың қан айналымының бұзылуын қамтитын жүйке жүйесі ауруы дамуының соңғы нүктесі. Бұл ауру кезінде мидың кейбір аймақтарына қан ағымы азаяды немесе ол жерге жетуді толығымен тоқтатады. Оның екі түрі бар: ишемиялық, қанның артериялар арқылы ми жасушаларына өтуінің бұзылуынан пайда болады және геморрагиялық, ол мидағы қан кетуден пайда болады. Ми ісігі – психикалық бұзылыс қосулы болуы мүмкін организмдегі ісіктердің пайда болуының негізі. Мұндай психикалық және жүйке ауруларымен ауыратын науқастар қатты шаршайды, есте сақтау қабілеті нашарлайды, басы ауырады, сөйлемейді, есін жоғалтады. Пациенттер ерекше тұрақты күтімді қажет етеді, терапия нейрохирургиялық әдіспен жүргізіледі.

– Заманауи медицина эпилепсия ауруының себептерін қалай сипаттайды?

– Эпилепсияның пайда болу себептері әр түрлі. Бұл – генетикалық фактор, босанған кездегі, бас сүйек-ми жарақаттары, улану, метаболикалық бұзылу. Уақыт өте келе науқастардың – суықты сезіну, көзге көрінетін галлюцинациялар, тежелінген жағдай сияқты жағдайлардан талмасы ұстайды.

– Эпилепсияны емдеп, операцияның көмегімен жазуға бола ма?

– Дәрігерге дер кезінде жүгінген жағдайда дәрі-дәрмекпен емдеуге болады. Бірақ препараттарды дұрыс таңдау үшін тұрақты түрде маманың бақылауында болғаны абзал. Кейде дәрі-дәрмек те көмектеспейді. Сол кезде дәрігерлер хирургиялық жолмен емдейді. Бұл операция науқастың қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік беріп қана қоймай, оны бақытсыз жағдайлардан да сақтап қалады деуге болады, яғни ұстамасы едәуір азаяды.

Фото: Александр Павский/Kazinform

– Паркинсонға шалдығушылардың көптігі байқалады, оның себебі неде?

– Жалпы Паркинсон ауруы әлем бойынша Альцгеймерден кейін ең көп тараған неврологиялық ауру болып есептеледі. Себептері де әртүрлі: зиянды өндірістің әсері, күйзелістер, түрлі аурулар, инфекциялар, экологиясы ушыққан аумақта ұзақ жылдар бойы тұру, тұқым қуалаушылық деп кете береді. Дегенмен нақты себебін табу өте қиын. Себебін қойып аурудың өзі асқынып, нақты симптомдары шыға бастаған кезде ғана анықталады. Емінің өзі симптомдардың әсерін азайтып, неврологиялық процестерді тежеуге бағытталады. Негізі емін дұрыс тапса, өмір сапасын жақсартуға болады.

Паркинсон ауруының қаупі неде және құлан-таза айығу мүмкін бе?

– Толық емдеп жіберу мүмкін емес. Ал қаупіне келсек, адамның өмірін қиындатады. Сырқат өте баяу дендейді. Адам біртіндеп қалыпты өмірден қалады. Сондықтан біз адамның қимыл-қозғалысын қалпына келтіруге күш саламыз. Бұл мүмкін деп сеніммен айта аламын. Паркинсон ауруы – үкім емес. Біздің ұранымыз осындай. Науқастарға үнемі осыны айтып отырамыз. Ауруын толық емдей алмасақ та, өмірлерін жақсарта аламыз.

Айтыңызшы, неврологиялық ауруға шалдыққандар саны неге артып келеді деп ойлайсыз?

– Статистика өсіп кетті дегенге негіз жоқ. Менің ойымша, қазір адамдар денсаулығына мән бере бастаған. Уақтылы дәрігерге қаралу керектігіне, емді ерте бастаған дұрыс екеніне көз жеткізді. Әсіресе, коронавирустан кейін денсаулыққа деген көзқарас өзгерді. Бұл – қуантатын жәйт. Ауруды емдегеннен гөрі алдын алған жөн.

Фото: Александр Павский/Kazinform

– Бөлімшеде жылына қанша операция жасалады?

– Біздің дәрігерлер жылына 1500-ге жуық түрлі операция жасайды. Отаның уақыты да әрқилы. Мәселен, 10 сағатқа созылатын күрделі операциялар немесе 45 минутта жасалатын операция болады. Ол ауруға байланысты.

– Кезіндегі Совмин, қазіргі Орталық аурухананың отандық медицианадағы орны ерекше...

– Иә, дұрыс айтасыз. Біздің ауруханада өз ісінің мықты мамандары жұмыс істейді. Медицина қызметкерлері әр пациенттің көңілін табуға барын салады. Алдында отырған науқасты тыңдап, ауруынан айығып кетуіне мүмкіндік бар екенін айтып, өмірге деген құлшынысын оятуға тырысады. Менің ойымша, науқас ең алдымен психологиялық көмекке мұқтаж болады. Кез келген медициналық мекеменің қызмет көрсетуін көтеру керек. Қазақстандықтар неге шет елдің медицинасына жүгінуді жөн көреді? Себебі, онда қызмет сапасы жоғары. Әйтпесе, дүниежүзі бойынша аурулардың диагностикасы мен емдеу хаттамалары бір. Шетелдегі емді, отандық дәрігерлер де жоғары дәрежеде жүргізе алады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Фото: Александр Павский/Kazinform