Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кітапханасы биыл 7 кітаппен толықты

АЛМАТЫ. 19 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда "Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін шығару" бағдарламасы бойынша шетелдегі қазақтардың авторлығымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының "Атажұрт" баспасынан жарық көрген жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті.

Қауымдастықтың Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтың айтуынша, Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы Қауымдастық кітапханасы сериясымен мемлекеттік тапсырыс арқылы 7 кітап шығарылып отыр. Олар "Оспан батырдың туғанына 110 жыл" ғылыми конференциясының қорытындысы ретінде "Азаттықтық өшпес рухы" тақырыбындағы баяндамалар жинағы. Қытайлық ақын-жазушылардан Мұрат Шаймараның "Еркін аспан өлеңі", Қайролла Баянбайұлының "Селкеусіз сезімдер" романы және Нұрила Қызыханқызының "Аңшылық хикаяттары". Моңғолияның 52 ақынының шығармалары кірген "Байбесік тұмалары" мен Байыт Қабанұлының "Бұрымбибі" жыр жинақтары және Ресей қазақтарының басынан кешкендері туралы Дәлелбек Батырдың "Тілеп алған қасірет" хикаяттар жинағы.

Сондай-ақ Ресей мен Моңғолияда жарық көрген басқа да кітаптар таныстырылды. Олардың ішінде моңғолиялық тарихшы, профессор Ислама Қабышұлының "Тұран әлемі", Серікқали Байменшенің Мәскеу қазақтарының "Мұрагер" қазақ мәдени орталығының 20 жылдығына арналған "Мұрагер" кітабы. Ресейлік қаламгер, қоғам қайраткері Қалил Қабдолуақитовтың "Откочевники" және тағы басқа да туындылар бар.