Дүниежүзі қазақтары құрылтайының кеңсесі Алматыдан Астанаға көшіріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүниежүзі қазақтары құрылтайының кеңсесі Алматыдан Астанаға көшіріледі. Бұл туралы бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Құрылтайдың офисін Алматыдан Астанаға  көшіретін уақыт келді. Басшылардың жанында болуы керек", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті алдағы уақытта құрылатын "Отандастар" қоры Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп, отандастарға жан-жақты қолдау мен көмек көрсету  іс-шараларын анықтап, кешенді бағдарлама әзірлеуі керектігін баса айтты.

"Ол бағдарламада қазақтың көші мен алыстағы ағайынмен байланыстыратын барлық мәселелерді қамтуымыз керек. Бағдарламаның басымдықтары мен міндеттері қор арқылы  іске асырылатын болады", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.