Дүниежүзілік Амстердам марафонында қазақстандық студент үздіктер қатарына енді

АСТАНА. 30 қзан. ҚазАқпарат - Нидерландыда «Дүниежүзілік Амстердам марафоны» өтіп, онда ҚР ҰҚК Шекара қызметі Академиясының 4 курс студенті Иса Назарбаев жоғары өнер көрсетіп, нәтижесінде жүгіруден ең үздік 100 спортшының қатарына енді.

Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Аталған марафонға дүние жүзінің әртүрлі елдерінен 40 000-ға жуық спортшы қатысты. Осындай халықаралық аренада 21 жасар жігіт жақсы нәтиже көрсетіп, медальмен марапатталды.

Амстердамға баратын жолдаманы шекарашы-спортшы Иса Алматы қаласында өткен «Екінші қайырымдылық марафонына» қатысып, жеңіп алған болатын. Ол кезде 42 шақырым 195 метрге жүгіріп, әуесқойлар арасында алдына жан салмады.

Амстердам марафоны сонау 1975 жылдан бері қарай жыл сайын қазан айында өткізіліп келеді. Еуропалық марафон өзінің беделі жағынан әлемдегі ең үздік ондықтың қатарына енеді. Әсіресе, өзінің көз тартатын жолымен ерекшеленеді, биылғы жылы ол Мемлекеттік көркемөнер музейінің қақ ортасында, яғни, Амстердамның орталығын оңтүстік бөлігімен жалғастырып жатқан атақты өткелде өткізілді. Бұдан мыңдаған қатысушылар тамаша тәжірибе жинақтады деп айтуға болады.