Дүниежүзілік бокс кеңесі Флойд Мэйуэзер - Мэнни Пакьяо жекпе-жегін өткізуді құптап отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) бүгінгі таңда барлық салмақ дәрежесіндегі үздік боксшылар атанып отырған америкалық Флойд Мэйуэзер мен филиппиндік Мэнни Пакьяо арасындағы жекпе-жекті өткізуді қолдайтынын білдірді.

Бұл туралы солтүстікамерикандық басылымдар жариялады. Мэйуэзер 47 кездесуде жеңіске жеткен (26 нокаутпен), ұтылып көрмеген. 14 қыркүйекте өткен 47-ші жекпе-жекте ол аргентиналық Маркос Майдануды жеңген болатын. Сонда ол келесі қарсыласы 35 жастағы Пакьяо болуы мүмкін екенін айтқан еді.

"WBC Мэйуэзер мен Пакьяо арасындағы жекпе-жекті қолдайды, - делінген Дүниежүзілік бокс кеңесінің мәлімдемесінде. - Олардың кездесуі бокс тарихындағы ірі оқиғалардың бірі болатыны сөзсіз ".

Егер филиппиндік 22 қарашада америкалық Крис Алгьериден басым түссе, онда Флойд Мэйуэзермен кездеседі.