Дүниежүзілік бокс сериясы: «Арландар» мен «Қабыландар» ақтық айқасқа шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) бойынша «Астана Арландары» мен «Куба Домадорес» чемпиондық атақ үшін ақтық айқасқа шықты. Он салмақ дәрежесі бойынша өтетін айтулы бокс бәсекесі «Хабар» арнасынан тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Бүгін турнирдің бірінші күні.

Дүниежүзілік бокс сериясының чемпионы атағына әбден лайық екі команда биылғы маусымда топтық турнирде жеңімпаз атанған болатын. Айта кетейік, WSB жобасында биыл 16 команда сынға түскен болатын. Өз тобында «Арландар» 13 кездесуде жеңіске жетіп, тек Италия боксшыларынан 2:3 есебімен ұтылған болатын. «Куба қабыландары» да әлемнің ең үздік екендіктерін бұл жолы да дәлелдеп, өз тобында еш жеңілместен ақтық сынға шықты.

Айта кетерлігі, Куба «Қабыландары» Астанада «Арландармен» кездесу үшін кіл саңлақтарын жасақтаған. Олардың басым бөлігі әлемдегі бірінші нөмірлі бокс жұлдыздары болып табылады.

Былғары қолғап шеберлері дүбірлі доданың бірінші күні, яғни бүгін 49, 56, 64, 75 және 91 келі салмақта жұдырықтасса, ертең 52, 60, 69, 81, 91 салмақ дәрежелерінде жеңімпаздар анықталады. Егер кездесу тең аяқталар болса, онда 56 келі салмақ дәрежесінде өтетін қосымша жекпе-жекпен ұйымдастырылады. Шаршы алаңға шығатындарға тоқталсақ: 49 келі: Теміртас Жүсіпов (қосалқы құрамда - Мардан Берікбаев) - Йоанис Оскар Аргилагос Перес; 56 келі: Қайрат Ералиев (Мейірболат Тойытов) - Энди Круз Гомез (Робейси Элой Рамирес); 64 келі: Самат Бәшенов (Асхат Уәлиханов) - Ясниер Толедо Лопес; 75 келі: Мейірім Нұрсұлтанов (Ерік Әлжанов) - Арлен Лопес Кардона; 91 келі: Василий Левит (Мұхамеджан Еркін) - Эрисланди Савон Котилла.

Ертең, екінші күні, 52 келі: Олжас Сәттібаев (Мирас Жақыпов) - Йосвани Вейтиа Сото; 60 келі: Зәкір Сафиуллин (Ержан Мұсафиров) - Ласаро Хорхе Альварес Эстрада; 69 келі: Асланбек Шымбергенов (Мадияр Әшкеев) - Роньель Иглесиас Сотолонго; 81 келі: Нұрдәулет Жарманов (Әли Ахмедов) - Хулио Сесар ла Крус Пераса; 91 келі: Иван Дычко (Филипп Хргович) - Йоханди Тойрак Ортега.