18:15, 04 Мамыр 2009
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы: доңыз тұмауы қырағылықты қажет етеді
ЖЕНЕВА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) доңыз тұмауының таралуына қарсы әрекетті бәсеңдетпеуге шақырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Би-Би-Си-ге сілтеме жасап. ДСҰ мәліметтері бойынша бес құрлықтың 18 елінде барлығы 900 адамның тұмау жұқтырғаны тіркелген, сондықтан да билік орындары сақ болулары керек.
Бұдан бұрын Мексиканың Денсаулық сақтау министрі Хосе Анхель Кордова 22 адамның өмірін жалмап кеткен эпидемияның шарықтау кезі сәуірдің 23-28-і аралығына келгендігін, қазір жағдайдың жақсара бастағандығын айтқан болатын. Мексика дәрігерлері доңыз тұмауынан 22 адам көз жұмды дегенді ресми растағанымен, қауіпті вирустан көз жұмғандар саны 100-ден асады деп болжануда. Дегенмен, АҚШ вирус жұқтырғандар санының 160-тан 244-ке дейін жеткендігін айтып дабыл қағуда. ДСҰ-ның дұрыс тамақтану мәселелері бойынша сарапшысы Бен Эмбарек «Канадада жаңа вирус жұқтырған шошқалардың пайда болуына байланысты, сақтық шараларын күшейту керек», - деп мәлімдеді. Дегенмен, оның айтуына қарағанда. бұл жануарларды қырып салу вирустың алдын алуға тосқауыл бола алмайды, шошқа етін пайдалану қауіпті емес.