Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұмауға қарсы жаңа стратегия әзірледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүниежүзінде жыл сайын 1 млрд адам тұмаумен ауырады. 3-5 млн адам оның ауыр түріне шалдығады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) тұмауды жаһандық ауқымдағы қауіпті індеттердің бірі деп атап, қауіпті вирусты емдейтін және алдын алатын жаңа стратегияны ұсынды. Ол 2030 жылға дейінгі кезеңге есептелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ сайтына сілтеме жасап.

ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус тұмау пандемиясының бүгінгі ахуалына қатысты пікір білдірді.

«Тұмау пандемиясы қаупі үнемі болады», - деп мәлімдеді ДДҰ басшысы. Сондай-ақ, ол тұмау вирусының жануарлардан адамдарға берілу қаупі барын да атап өтті.

Жыл сайын тұмаудан 290-650 мың адам қаза тауып жатыр. Жаһандану, урбанизация және тұрғындардың жаппай қоныстануы келесі пандемияның әлдеқайда тез таралуына әкеліп соқтыруы мүмкін.

11 жылдық Стратегия тиімді ұлттық бағдарламаларды әзірлеуді және үш мақсатқа: маусымдық тұмаудың санын азайтуды, вирустың жануарлардан адамдарға берілу қаупін барынша азайтуды және ықтимал пандемияның салдарын жұмсартуды көздейді.

ДДҰ 2002 жылы Мадагаскардағы тұмау вирусын еске салды. Ол кезде ауырғандардың 2,5 проценті көз жұмған. Бұған дейін мұндай тұмау пандемиясы 1918-1919 жылдары болған.

Жаңа стратегияны жүзеге асыру үшін жыл сайын 4,5 млрд доллар қаржы керек. Ұйым сарапшылары вакциналаудың тұмауға қарсы ең тиімді құрал екенін еске салды.