Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің 62-сессиясында еліміздің «Денсаулық-2020» стратегиясы таныстрылды

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - 2012 жылғы 10-13 қыркүйек аралығында Сент-Джулианс қаласында (Мальта) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Еуропалық өңірлік комитетінің кезекті 62-сессиясы өтті. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сессия барысында ДДСҰ бүкіл Еуропа өңірі үшін денсаулық сақтау саласының бірқатар өзекті және маңызды мәселелері: «Денсаулық-2020» Еуропалық денсаулық сақтау саласының саясаты, денсаулық сақтау саласының жағдайы талқыланды.  

Сессияның басты мақсаты «Денсаулық-2020» жаңа Еуропалық саясатын қабылдау болды. Стратегия мақсаты - халық денсаулығын нығайту және жалпы мемлекеттік тұрғыдан денсаулық көрсеткіштері бойынша теңсіздікті төмендету және денсаулық сақтау саласының проблемаларын шешуде бүкіл қоғамды қатыстыру қағидаларын қолдану.   

Оның жұмысына денсаулық сақтау министрлері және ДДСҰ Еуропалық өңірінің 53 елінен жоғары лауазымды тұлғалары қатысты. Олардың ішінде ДДСҰ Бас директоры Маргарет Чен, Еуропалық комиссияның денсаулық сақтау саласы және тұтынушы саясаты жөніндегі жоғары өкілі Джон Далли, Экономикалық даму ұйымы Бас хатшысының орынбасары Йевс Летерм мырза және т.б. болды.   

Қазақстан делегациясын ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова бастап барды. Сессия барысында делегация басшысы денсаулық сақтау саласының мәселелері Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдылығы болып қалатынын, «Денсаулық-2020» стратегиясы Еуропалық өңірдің алдында тұрған барлық проблемаларды толығымен қамтитынын атап өтті.  

Министр «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аурулардың алдын алу, оларды ерте кезеңде анықтау, сектораралық ынтымақтастық жөнінде негізгі мақсаттарын іске асыру бойынша Қазақстанның тәжірибесімен таныстырды.    

Сондай-ақ, министр Салидат Қайырбекованың ДДСҰ-ның Өңірлік директоры Ж.Якаббен және бірқатар делегациялардың өкілдерімен кездесуі өтті. ДДСҰ ЕӨ бюросының басшысымен кездесу барысында денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты жандандыру: полиомиелит, ЖИТС/АИТВ, туберкулез және ана-бала өлім-жітімін төмендету сияқты қазіргі заман қатерлеріне бірлесіп әсер ету жүйесін жетілдіру жөніндегі мәселелер талқыланды.  

Кездесу қорытындысы бойынша елімізде және ДДСҰ-ның бүкіл Еуропалық өңірінде халықтың денсаулығын сақтау саласында тығыз және нәтижелі  ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.