Н. Назарбаев қытайлық әріптесін ШЫҰ-ғы табысты төрағалығымен құттықтай келе, дәстүрлі қонақжайлылық пен саммиттің тамаша ұйымдастырылғандығын атап өтті. Сондай-ақ ҚХР төрағасы Ху Цзиньтаоның Шанхай ұйымының нығаюына, оның аймақтық қауіпсіздік және тұрақтылықты қамтамасыз етуде, жан-жақты ынтымақтастықты дамытуда беделді халықаралық форумға айналуына қосқан үлесін атап өтті.
Жаһандық экономикалық өсімді алға жылжытатын негізі күш экономикасы даму жолындағы елдер болып отыр. Бұл үдерісте Шанхай ұйымы дағдарыстан кейінгі әлемдегі экономикалық архитектураның қайта құрылымында қуатты полюс бола алады. «Біздің ұйымның кеңістігінде аса ауқымды адами, табиғи, инвестициялық, технологиялық және өзге де ресурстар жинақталған», - деп атап өтті Н. Назарбаев. - ШЫҰ мүше-мемлекеттері әлемдік қаржылай қиындықтардың салдарларын табысты жоя отырып, ұлттық экономиканы жаңғырту міндеттерін шешуде. Осының бәрі көпжақты экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге қолайлы жағдай туғызуда. ШҰЫ-ның басымдықты міндеттерінің бірі - іскерлік байланыстар деңгейін арттыру және сауда-экономикалық, инвестициялық әлеуетті тиімді пайдалана білу. Біріккен жұмыстардың негізі көрсеткіштері жобалар түріндегі нақты нәтижелерге қол жеткізу және өзара сауда айналымын ұлғайту болмақ.
«Өкінішке орай, бұл әріптестік форумдарында және өзара бірлескен жұмыстарда екіжақты негізде ғана жүріп жатыр, біз ШЫҰ үшін бірлескен бірде-бір жобаны іске асырған жоқпыз. Менің ойымша, хатшылық және хатшылықтың жаңа басшылығы бұл жайында ойлануы тиіс. Бұл энергетика саласындағы барлық мемлекеттер қатыса алатын көліктік-транзиттік ынтымақтастық бола алар еді», - деді Н. Назарбаев.
ШЫҰ-ның көліктік-транзиттік әлеуеті жайлы айта келе, ҚР Президенті елдердің нарықтарын біріктіре отырып Азия және Еуропа арасында транзиттік жүк тасқынын ұлғайту, ШЫҰ аясында өзара тауар айналымын көбейту қажеттігін атап өтті. «Халықаралық көлік тасымалы жөніндегі ШЫҰ үкіметаралық келісімін қабылдау бұл бағыттағы маңызды қадам болмақ. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік магистралі көлік және сауда ынтымақтастығының маңызды буыны. Бұл құрылыстың қазақстандық бөлігінің ұзындығы 2700 шақырым, ол 2013 жылы бітеді»,- деп мәлім етті Ұлт көшбасшысы.
Елбасы 2013-2015 жылдарға арналған Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын бекітудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдары, ескертушілік-алдын алу шаралары бар кешендегі ШЫҰ-ның диалогы бойынша бақылаушылар мен серіктестер арасындағы лаңкестікке қарсы қызметті үйлестіруді күшейту қажеттігіне назар аударды.
Қазақстан Президенті қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мақсатында бірқатар нақты ұсыныстарды іске асыруға топтасуды ұсынды. Атап айтқанда, сөз ШҰЫ-ға мүше елдердің аумақтық және өңірлік жанжалдарын реттеу жөнінде Кеңес құру, ШЫҰ аясында интернет-басқыншылықтан қорғау міндетін орындайтын арнайы орган құруды ұйымдастыру, сондай-ақ ШЫҰ Болжаушылық орталығын құру туралы болып отыр. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте ынтымақтастықты дамытуды қолдайтынын атап өтті.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы - 2001 жылы Қазақстан, Қырғыз, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан көшбасшылары тарапынан құрылған өңірлік халықаралық ұйым. Ұйым 1996-1997 жылдары Қазақстан, Қырғыз, Қытай, Ресей және Тәжікстан арасындағы әскери саладағы сенімді нығайту туралы және шекара аумағында қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісімге қол қоюдың нәтижесіне негізделген «Шанхай бестігі» базасында құрылды.