Дүниежүзілік кеден ұйымының делегациясы Астанада болды

АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат - Сәуірдің 6-7 күндері Астанада Институционалдық даму жөніндегі директораттың басшысы Ларс Карлссонның жетекшілігімен Дүниежүзілік кеден ұйымының делегациясы болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Кедендік бақылау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Директораттың негізгі қызметі институционалдық даму саласында кедендік әкімшіліктер үшін техникалық көмек көрсетуге қатысты бағдарламаларды әзірлеу және оларды жетілдіру, сонымен қатар «Колумбтың» Әлемдік сауданы жеңілдету және қауіпсіздіктің негізгі стандарттары бағдарламасын енгізу болып табылады. «Колумб» бағдарламасы Қазақстанда 2006 жылдан бері жүзеге асырыла бастады. Сапар шеңберінде Кедендік бақылау комитетінің басшылығы Дүниежүзілік кеден ұйымымен және Дүниежүзілік банкпен үшжақты кездесу өткізді. Оның барысында 2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында Кедендік қызметті жетілдіру жобасы талқыланды. Сонымен қатар, шетелдік меймандар Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты.