АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның Изник қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақстандық Қанат Қасымхан дәстүрлі садақ атудан күміс жүлде алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған сайыста әлемнің 32 елінен келген 135 спортшы бақ сынады. Ерлер арасында үздік 16 мергеннің қатарына Қанат Қасымхан, Али Сессигузель, Азамат Нұртаев қосылды. Олардың арасынан Қанат Қасымхан финалға шығып, түркиялық Оғыз Оқшымен күш сынасты.
Жарыс барысында ол қарсыласынан 2 ұпайға жеңіліп, күміс медальға қол жеткізді. Бұл - қазақстандық спортшылардың дәстүрлі садақ атудан халықаралық аренадағы алғашқы жетістігі.
Еске салсақ, көшпенділер ойындарына әлемнің 102 елінен 3 мыңнан астам спортшы қатысуда. Қазақстанның атынан 50 спортшы сайыстың бес түрінен бақ сынасады. Олардың қатарында көкпар, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, көкбөрі бар.
Еске салсақ, дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан құрамасы Өзбекстанды жеңді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.