Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан көкпаршылары жартылай финалға шықты
ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі Спорт жəне дене шынықтыру комитетінің баспасөз қызметінен хабарланғандай, 9 медальдың 6-ы күміс, 3-і қола. Атап айтқанда, Қырғыз күресінен Мұхамеджанов Әлішер (55 кг), Берекетов Мейіржан (60кг), Станеев Леонид (84кг), Қалиев Арман (96кг) күміс медаль иеленді. 66 келіде өнер көрсеткен Қырғызбаев Ғұмар қола медальға ие болды. Мангала спортынан ерлер арасында командалық есепте Қазақстан құрамасы күміс медаль алса, әйелдер арасында да Қазақстан еншісінде күміс медаль бар. Жекелей есепте қола медальға Гүлнұр Базаралиева қол жеткізді. Ерлер арасында жекелей есепте Мақсат Шотаев қола медаль иеленді.
«Сонымен қатар, бүгін алаңға көкпаршыларымыз шықты. Отандық спортшылар алғашқы ойынын Ресейдің Красноярск өлкесінен келген командамен өткізіп, 15-3 есебімен жеңді. Екінші ойында ұлттық құрама АҚШ құрамасымен кездесіп, ойынды 20-9 есебімен - жеңіспен аяқтады.
Ертең 6 қыркүйекте қазақстандық көкпаршылар өзбекстандық спортшылармен кездеседі», - делінген хабарламада.
Осылайша көкпардан Қазақстан құрамасы С тобынан оңай шығып, жартылай финалға жолдама алды.