АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның Изник қаласында өтіп жатқан IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы күнгі нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көкпардан ел құрамасы Өзбекстанды 8:1 есебімен жеңіп, келесі айналымға өтті. Қазақстандықтар қатарынан Құрманбек Тұрғанбек үш салым салса, Абылайхан Нышанбеков, Арман Жамалбеков, Ынтымақ Әліпбаев, Ислам Рәт, Айнабек Бердіқұл бір-бір салымға ие болды.
Дәстүрлі садақ атудан Қасымхан Қанат, Али Сессигузель, Азамат Нұртаев жартылай финалға жолдама алды.
Сондай-ақ, әйелдер арасында Айым Тілепберген мен Аяулым Аппазова үздік 16 мергеннің қатарына енді.
Көшпенділер ойындарына әлемнің 102 елінен 3 мыңнан астам спортшы қатысуда. Қазақстанның атынан 50 спортшы сайыстың бес түрінен бақ сынасады. Олар – көкпар, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, көкбөрі.
Еске салсақ, IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.