ИЗНИК. ҚазАқпарат - Түркияның Изник қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бүгін қазақстандықтар көкпар мен жамбы атудан сайысқа түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көкпардан ел құрамасы бүгін Моңғолиямен сайысқа түседі. Қазақстандық көкпаршылар бұдан бұрын Өзбекстаннан 8:1 есебімен басым түскен болатын.
Сондай-ақ, ел құрамасы сапынан спортшылар жамбы атудан (ат үстінде садақ ату) жүлделерді сарапқа салады.
Спорттың аталған түрінен ел намысын Ералхан Айкөз, Абзал Тұлыбеков, Бақдәулет Бабажан қорғап жатыр.
«Сайыс 3 стиль бойынша өткізіледі. Оның 2-і түрік, 1-і венгр әдісі бойынша өтуде. Жарыстың екінші күнінде қабақ ату (түрік әдісі) бойынша қазақстандық спортшы күміс жүлдеге (кіші медаль) ие болды. Әлемнің 21 елінен келген 75 спортшы арасында жамбы атудан тұңғыш Әлем чемпионы Ералхан Айкөз қарсыласына сәл ғана айырмашылықпен есе жіберді», - деп мәлім етті Ұлттық спорт түрлері орталығынан.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қанат Қасымхан дәстүрлі садақ атудан «күміс» алған еді.
Фото: ulttyqatsport.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.