«Дүниежүзілік үйлесімділік жүгірісі» халықаралық эстафетасының алау алып жүрушілері бүгін Астанаға жетті

АСТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы Отан ана монументінің алдында елордалық тұрғындар «Дүниежүзілік үйлесімділік жүгірісі» халықаралық эстафетасы аясындағы алау алып жүрушілер тобын қарсы алды.

Интернационалды команда 2010 жылғы сәуірдің 24-і күні Жапонияның Хиросима қаласында бастау алды. Эстафета бағдарламасы бойынша азиялық тармақ Оңтүстік Корея, Қытай, Моңғолия, Қазақстан, Орталық Азия және Ресей арқылы жүріп өтіп, алдағы қыркүйектің 27-сі күні Мәскеуде, 2010 жылғы ақпанның 26-сы күні Дублиннен шығып, Еуропаның 49 елін аралап келген эстафетаның еуропалық тармағымен кездесетін болады. Сөйтіп, 47 мың шақырым қашықтықта жатқан Батыс пен Шығыстың арасында бірегей байланыс орнатпақ.

Қазақстанда Дүниежүзілік үйлесім жүгірісі Семей - Павлодар - Астана - Қарағанды - Балқаш - Алматы - Тараз - Шымкент қалаларын басып өтетін болады. Оған біздің елден Балтабек Нұрахметов қатысуда.

«Бүгін алғаш рет қымыздың дәмін таттым, керемет, маған қатты ұнады. Содан кейін 20-25 жақырым жол жүгіріп өтіп едім, тіпті шөлдемедім де. Су ішкім келмейді, ал қымыз болса бас тартпас едім», дейді эстафетаға қатысушылардың бірі Андрей.

Азиялық тармақ бойынша межелі қашықтықтарын еңсеріп келе жатқан команда бүгінгі күнге дейін 8 мың шақырымды артта қалдырды, мәре сызығына дейін әлі 12 шақырым бар.

Еріктілерді елордалықтар атынан ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Хаана Сингер мен Ұлттық спорт ойындары клубының директоры Самат Жылқыбаев салтанатты жағдайда қарсы алып, оларға естелік медальдары мен бағалы сыйлықтар табыс етті.