Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстан Республикасының Конституциясы - елдің дамуы мен гүлденуінің берік негізі» деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.
«Біздің қазақ ерте заманнан бастап тәуелсіздікті арман еткен халықтардың бірі. Бірінші рет тәуелсіздігімізді біз 1456 жылы Жәнібек пен Керей Алтын Ордадан бөлініп, Қазақ хандығын жариялағанда алдық. Содан кейін жоғалтып алған тәуелсіздігімізді 1991 жылы 16 желтоқсанда өзімізге қайтадан оралттық. Сол оқиғаларды көз алдыма елестетсем көңіліме қуанышым сыймай, жүрегім жарылып кете жаздап тұрады. Себебі бостандықты, тәуелсіздікті жариялау әркімнің үлесіне беріле бермейді. Оны жариялайтын бір адам болады. Маған біздің тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сіз осындай баяндамамен мінберге көтеріліп, тәуелсіздігімізді жариялайсыз дегенді айтты», - деді ҚР ҰҒА академигі, профессор Сұлтан Сартаев. С. Сартайұлының айтуынша, дүниежүзінде 7 млрд. халық 194 мемлекетке ұйымдастырылған болса, сол 194 мемлекеттің тәуелсіздігін жариялаған 194 адамның бір болғанын тағдырдың үлкен сыйы қабылдайды. Бостандықты жариялау, оны елге жеткізуді халық алдындағы үлкен бір жұмыстарының бірі санайтын ғалым, оған қол жеткізу үшін көп жұмыс жасалғанын айтты.
«Тәуелсіздікке жету үшін ең алдымен Президенттік басқару формасын орнатуымыз керек болды. Оның жобасын жасап, 1990 жылы Парламентте жариялар кезде Нұрсұлтан Назарбаевқа КПСС ОК-нің хатшысы түнгі 3-те хабарласып күн тәртінен Президент лауазымын құру мәселесін алып тастауды сұраған. Мен Президенттік басқару формасын біз қабылдамасақ әзірбайжандар мен өзбектерді де мәжбүрлейді. Сондықтан бұл біздің соңғы мүмкіндігіміз дегенді айтқанда Нұрекең келісім берді. Сонда мінберге көтеріліп Президенттік басқару формасын енгізу туралы баяндама жасадым. М. Горбачев біздің тұңғыш Президентімізді құттықтауға мәжбүр болды. Ол Кеңес одағында бір ғана Президент болуын қалаған болатын. Бұл шара біздің бостандыққа жол салуымыздың бір әрекеті еді», - дейді заң ғылымдарының докторы С.Сартаев.