Дүниежүзілік банк Бішкекті көгалдандыруға 50 млн доллар бөлді
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан Бішкекті көгалдандыру үшін банктен 50 млн доллар алды, деп жазады Кабар.
Дүниежүзілік банк Бішкек қаласын көгалдандыруға, суару жүйесін жаңғыртуға және шаң-тозаңмен күреске бағытталған 50 миллион АҚШ долларын құрайтын жобаны іске қосты. Бұл туралы Қырғызстанның Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрі Мэдер Машиев мәлімдеді.
— Өткен аптада мен Бішкектегі жасыл желектерге инспекция жүргіздім. Вице-мэр Рамиз Алиевпен бірге «Жасыл шаруашылық» мекемесінің нысандарын араладық. Біз оларға суару жүйесін жаңғыртуға арналған жабдықтар сатып алып жатырмыз. Өзіңіз білесіз, суару жүйесінің жағдайы өте нашар. Сонымен қатар 18 су ұңғымасын бұрғылау жоспарланған, — деді министр.
Министрдің айтуынша, Бішкек пен Шу облысындағы атмосфералық ауаның сапасын жақсарту мақсатында 2025–2026 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары әзірленген.
Сондай-ақ Машиев ел астанасындағы смогпен күрестің негізгі шараларының бірі — «Б3Ш» маркалы (қоңыр көмір, шлак) көмірді сатуға тыйым салу екенін атап өтті. Өйткені ол ауаға ең көп зиян тигізетін негізгі ластаушы көздердің бірі саналады.
Бұған дейін Қырғызстанның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-ге шаққанда 36,9%-ға дейін төмендегенін жазғанбыз.