Дүниежүзілік банк Қырғызстанға ауыз суға қол жеткізу үшін 121 млн доллар бөлді
АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік банктің атқарушы директорлар кеңесі Қырғыз Республикасындағы «Сумен жабдықтауға және санитарияға жалпыға ортақ қолжетімділік» бағдарламасының бірінші кезеңіне 121 млн доллар бөлуді мақұлдады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, жоба Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің (АИИБ) 50 млн доллар несиесі, Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы қорының 20 млн доллар несиесі, Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігінің 9 млн доллар гранты және АИИБ 3,75 млн доллар гранты есебінен бірлесіп қаржыландырылады.
— Алдағы онжылдықта бағдарлама Қырғызстанның миллион азаматы үшін таза су мен санитарияға қолжетімділікті қамтамасыз етеді, бұл өмір сапасын тікелей жақсартады, адами капиталды нығайтады және болашақ ұрпақтың әл-ауқатын арттырады, — деп атап өтті Дүниежүзілік банктің Қырғыз Республикасындағы өкілдігінің басшысы Хью Ридделл.
Қырғызстандағы «Сумен жабдықтауға және санитарияға жалпыға ортақ қолжетімділік» бағдарламасының бірінші кезеңін қаржыландыру Халықаралық даму қауымдастығы арқылы жеңілдетілген шарттармен жүзеге асырылады. Жоба 2029 жылға қарай сатып алу, қаржылық басқару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қоса алғанда, жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылатыны атап өтілді.
Бұған дейін Қырғызстан саудагерлер үшін патент жүйесін қайта енгізгенін жазған болатынбыз.