Дүниежүзілік банк Мароккоға зейнет жасының шегін көтеруді ұсынды

Фото: Азертадж

АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік банк Мароккоға зейнеткерлік жасты 70 жасқа дейін көтеруді ұсынды. Ұсыныс елдегі халықтың қартаюы зейнетақы қорларына және мемлекеттік қаржыға елеулі қауіп төндіреді деген уәжбен негізделген, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Akhbarona электронды газеті хабарлағандай, Дүниежүзілік банктің есебінде егде жастағы адамдардың демографиялық жүктемесінің коэффициенті 2020 жылғы 11%-дан 2050 жылға қарай 26%-дан асып түсетіні көрсетілген. Бұл жағдай егер шұғыл реформалар, әсіресе зейнет жасын ұлғайту және егде жастағы адамдардың еңбекке араласуын ынталандыру қолға алынбаса, әлеуметтік және экономикалық дағдарыстарға әкелуі мүмкін.

Алайда бұл ұсыныс Мароккода кеңінен сынға ұшырады. Жұмысшылар мен кәсіподақ өкілдері бұл бастаманы еңбеккерлердің құқықтарына тікелей қол сұғу деп бағалады.

Сол баяндамада айтылғандай, марокколықтар 55 жастан бастап жүрек аурулары мен қант диабеті секілді созылмалы дерттерге жиі шалдығады. Сондықтан зейнет жасына жеткеннен кейін де жұмыс істеу олардың денсаулығы мен өміріне айтарлықтай қауіп төндіреді.

Дүниежүзілік банк өз ұсынысын экономикалық қажеттілікпен түсіндіргенімен, сыншылар оны «әлеуметтік жетістіктерді жою» және қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіру деп бағалап отыр.

Бұдан бұрын Марокко 7,2 миллион турист қабылдап, жаңа рекорд орнатқанын жазған едік.

Сонымен қатар жақында Марокконың Тингир провинциясынан алтын қорына бай жаңа аумақ табылды.