Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік 2027 жылғы конгресін Астанада өткізбек

АСТАНА. KAZINFORM - Туризм және спорт министрлігі допингке қарсы халықаралық стандарттарды толық енгізіп, таза спорт қағидаттарын жүйелі түрде дамытып келеді. Бұл бағыттағы негізгі басымдықтар – допингке қарсы тиімді саясат жүргізу, спортшылардың денсаулығын қорғау және әділ бәсекені қамтамасыз ету, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: EADaily

Министрлік допингке қарсы ережелерді бұзуға қатысты нөлдік төзімділік қағидатын ұстанады. Қазақстанның Допингке қарсы ұлттық орталығы Дүниежүзілік антидопинг ережесін бұзған спортшылар туралы ақпаратты жариялауы ашықтықты қамтамасыз ету, айқындықты сақтау және халықаралық міндеттемелерді орындау саясатының бір бөлігі. Допингке қарсы ұлттық орталықтың жүйелі жұмысы допингке қатысты бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуына жол бермейді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның спорттық беделін халықаралық деңгейде нығайтуға ықпал етеді.

Биыл наурыз айында жеңіл атлетикадан жабық кешендегі әлем чемпионаты аясында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен WADA президенті Витольд Банька өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат білім беру, допингтің алдын алу және ғылыми зерттеулер бағыттарындағы бірлескен жұмысты кеңейтуге бағытталған.

-Қазақстан Орталық Азия өңірінде таза спортты дамытуда маңызды рөл атқарады, – деп атап өтті WADA Президенті Витольд Банька.

Сондай-ақ ол Қазақстанның антидопинг мәдениетін дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Кездесу барысында тараптар 2027 жылы Астанада WADA Атқарушы комитеті мен Құрылтай кеңесінің отырыстарын өткізу мүмкіндігін талқылады. Мұндай деңгейдегі іс-шаралардың Қазақстанда өтуі елдің антидопинг саясатындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі ретінде қарастырылады.

Бүгінде Қазақстан әлемдік спорттағы әділдік, ашықтық және адал бәсекелестік қағидаттарын дәйекті түрде қолдайтын сенімді халықаралық әріптес ретіндегі рөлін нығайтып келеді. Сонымен қатар спортшылар, жаттықтырушылар және сала мамандары арасында допингтің алдын алу мен білім беру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді.

Осыған дейін WADA-ның Қазақстанның допингке қарсы зертханасына аккредитациясын қайтаруы мүмкін екені турлы жаздық.