Әсіресе, көшпенді халықтардың тарихынан сыр шертетін көріністер ерекше әсер етіп, көрермендер өткен ғасырларға сапар шеккенін алға тартуда. Еділ патша, Тұмар патшайым, Жошы хан дәуіріндегі тарихи сәттер тартымды шыққанын атап өткен жөн. Осы ретте, бұл шаруаға жауапты болған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мамандарына хабарластық. Ондағылар «Алтын жауынгерлер шеруі» деп аталған бөлімнің маңыздылығын тарқатып берді.
«Көшпенділердің ең үлкен жаңалығы – дөңгелекті ойлап табуы. Сол арқылы номадтар жылдамдығын арттырды, ел мен елдің, жер мен жердің арасын қосты. Еділ патша бастаған ғұндар, Тұмар патшайым бастаған сақтар өз дәурінде лайықты өмір сүріп қана қоймай, кейінгі ұрпаққа да үлгі болып қалды. Темір мен қола, алтын мен күміс өндіріс басталған соң көшпенділердің қару-жарағы, мүлкі, тіпті қолөнері де өзгерді. Скифтерден қалған аңдық стильдегі бұйымдар – соның дәлелі. Әрине, тарихтың бәрін аз уақыттың ішінде бейнелеу мүмкін емес. Десе де, көрермендердің қойылымнан ерекше әсер алғанын аңғардық», - деді министрліктің баспасөз қызметі.
Ашылу салтанатындағы бесінші бөлім «Жошы хан ұлысы (Алтын орда)» деп аталған. Қойылымды тамашалаған әр көрермен рух алып, жігерлене түскені рас.
«Жошы ұлысы – Алтайдан қазіргі Еуропаның орталығына дейін созылып жатқан көшпелілердің бірегей мемлекеті. Бұл көптеген саяси өзгерістер әкелген, өркениеттерді біріктіріп, әлемдік мәдениет пен экономиканың дамуына серпін берген бүкіл адамзаттың тарихы. Сол себепті дүбірлі доданың ашылу салтанатында Жошы ұлысы жайлы арнайы қойылым дайындау ерекше маңызы зор дүние болды. Бұл – көшпенділер тарихындағы қайталанбас дәуір», - делінген министрліктің агенттік тілшісіне берген жауабында.
Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын отандық телеарналардан бөлек, әлемнің 19 телеарнасы көрсетті. Көшпенділер ойындары тарихында мұндай халықаралық деңгейде ауқымды телехабар тарату бірінші рет қолға алынғанын атап өткен жөн.
Ашылу салтанаты дәстүрлі түрде спорт делегацияларының шеруінен басталып, таңғажайып шоуға ұласты. Көрермендерге заманауи сахналық технологиялар мен мультимедиялық дизайн қолданылған 2 сағаттық ауқымды музыкалық-театрландырылған қойылым ұсынылды. Әлем көз тіккен ауқымды шараға 3 000-ға жуық өнерпаз қатысты.